lat: BASPA
з а т. 1. Баспа өнімдерін дайындап шығаратын мекеме.
Шығаратын өнімдеріне байланысты кітап, кітап-журнал, газет және газет-журнал баспалары болып бөлінеді (Қаз. тілі термин. Тамақ.).
Жарқын руднигі ашылғаннан кейін, Нүрке осы кен қоймасын болжаған Дәуреннің теориялық көзқарасына сүйене отырып, өз атынан еңбек жазып баспаға берді (І.Есенберлин, Айқас).
Баспадан жаңа шығыпты,
Бояуы әлі кеппепті Көтеріп біреу үмітті,
Көшеге түнде ап кетті (М.Әлімбаев, Таңд. өлеңд.).
2. и н ф. Мәліметтерді баспа құрылғысына шығару және листинг (қағазға басылған бағдарлама мәтіні) алу.
Баспа - ақпаратты басу арқылы қағазға шыгарып беретін құрылғы (Қаз. тілі термин. Информатика.).
3. Баспа өнімдерін дайындап шығаратын мекемедегі адамдар, редакция алқасы.
Өлеңдер жинағымды баспа негізінен ұнатып, менімен қолма-қол шартқа отырды (Б.Соқпақбаев, Өлгендер.).
Баспаға Нияздың өлеңдері түскен екен. Кітап болып басылмас бұрын оқып шығып, пікір айтуға оны Ләззатқа берді (Т.Ахтанов, Махаббат.).
Қаламақыны былай қойғанда, хабарламаған, рұқсат сұрамаған, авторлық дана кітап жібермеген баспаға таңым бар («Егемен Қазақстан»).