Әр алуан ортаның (әлеуметтік, биологиялық, техникалық) белгілі бір құрылымын сақтап, әрекет ету режимін қолдау, олардың мақсат-мұраттарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған жүйенің кызметі. Басқару қызмет аясына қарай әлеуметтік, саяси, экономикалық, экологиялық, рухани, мәдени, әкімшілік, табиғи, т.б. болып бөлінуі мүмкін. Әлеуметтік басқару — қоғамдық қарым-қатынастарды реттеп, оның салалық сипаты мен ерекшеліктерін сақтау, жетілдіру, сол арқылы қоғамның болмысына ықпал ету. Әлеуметтік басқару, негізінен, қоғамның даму заңдылықтарын тиімді түрде қолдана отырып, қалыптасқан жоспарлардың адам мүддесіне қызмет етуін негізге алады, осы мақсатқа жету үшін бұқаралық жұмыстарды ұйымдастырады. Ал саяси басқару дегеніміз саяси билікті іске асыру процесі болып саналады. Яғни, халықтың мүддесін көздейтін саясат субъектісі мемлекеттік билік арқылы қарым-қатынастарға ықпал етуге тырысады. Саясат қоғамдық өмірдің барлық жақтарының жинақталған көрінісі болып табылатындықтан, саяси басқару оның экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени даму мәселелерінің шешімін тауып, өзге басқару түрлерінен үстем тұрады. Ол заңға, белгілі бір принциптерге (мысалы, жүйелілікке, сабақтастыққа) негізделеді. Оның ауқымы, мазмұны, мақсаттары мен міндеттері нақты бір елдегі әлеуметтік саяси құрылыстың түріне қарай айқындалады.