БАСҚАРУ

lat: BASQARÝ

Басқар етістігінің қимыл атауы.

1. Басшылық ету, билігін жүргізу.

Президент басқаруымен Мемлекетік саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, оған еліміздің көрнекті ғалымдары мен саясаткерлерін қатыстырып, тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саясатының жаңа байыптамаларын жасауға кірістік («Егемен Қазақстан»).

Бұлардың қызметтері: пәтер ісін, азық-түлік ісін басқару, босқындардың санын, атын-жөнін жазу, киіндіру, балаларын оқыту, қызмет тауып беру, керек орнында жөн көрсету (М.Дулатов, Шығ.).

Патша әйелқұмар адам болса керек, кең сарайды толтыра әйелдерін жинап ап, елді басқарудың орнына әйелдермен сауық құрады екен (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).

Қараша айында Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің қаржы бақылау басқармасының бастығы Е.Е.Жанановтың басқаруымен құрамында 5 адам бар комиссия мемлекет бюджеті тарапынан бөлінген барлық қаржының толықтай мақсатты істерге жұмсалып, игерілгенін айғақтайды («Егемен Қазақстан»).

2. Ұйымдастыру, жетекшілік ету. Көп жылдан бері Сочи қаласында Н.А.Шульц пен курорттың бас терапеві Н.В.Романовскийдің  басқаруымен инфаркт, инсульт, гипертониялық криз және басқа да жүрек-қан тамырларының аурулары болмау үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілуде (Т.Омаров, Күн. құбылыс.).

Ахмет Жұбановтың басқаруындағы домбыра ансамблі алғашқыда халықтың ән-күйлерін ешбір инструментовкасыз, гармонизациясыз, нотасыз бір дауыста жатқа ойнап жүреді (Ж.Рсалдин, Ахмет Жұбанов).

Шыңғыс ұрпағы емес, бірақ билікті қолға алған билеушілер, мысалы, Әмір Темір, Едіге және басқалар жалған Шыңғыс ұрпақтары - хандар арқылы басқаруға мәжбүр болды (Қаз. дала. ойшыл.).

Қолында атаулы акциялары бар акционерлер «бір акция - бір дауыс» деген принциппен акционерлік қоғам істерін басқаруға  қатысуға құқылы (ҚҰЭ). 3. Меңгеру, игеру. Химиялық немесе металлургиялық заводтардың қызметін, олардағы болатын барлық процестерді басқару тіпті қиын (О.Жәутіков, Жаратылыстану.).

Белгілі бір аймақ территориясының әлеуметтік экономикалық дамуын жетілдіру үшін шетелдік инвестицияны, озық технология мен  басқару тәжірбиесін тарту мақсатымен құрылатын, нақты айқындалған әкімшілік шекарасы және ерекше заңды экономикалық аймақ құру тәжірибесі кездеседі («Қаз. әдеб.»).

4. э к о н. Ұйымдасқан жүйеге нысаналы түрде ықпал жасау, оның белгіленген құрылымын сақтау, қызметтің тәртібі мен мақсатын қолдау. Басқаруғатүрлері: заттарды басқару - технологиялық процестерді; адамдарды басқару - өндірісті (өндірістік ұжымдарды) басқаруға саяды (Қаз. тілі термин. Экономика.).

Органдар (аппараттың болуы), кадрлар (басқарушылар, мамандар, орындаушылар), басқару техникасы (ақпарат жинау, тарату, өңдеу құралдары) жүйесі - басқарудың материалдық негізі болып табылады (Қаз. тілі термин. Экономика.).

5. и н ф. <ағыл. control, management> Берілген бағдарламаға сәйкес нысананың жұмыс істеуін үзбеуге немесе жетілдіруге бағытталған және нақты ақпарат негізінде таңдап алынған әрекеттер жиынтығы. Басқару блогі.