БАСҚЫШ

lat: BASQYSH

з а т. 1. Жоғары көтерілу, төмен түсу үшін жасалған баспалдақ, саты.

Басқыштың биік сөрелердегі затты алу, т.б. үшін үйде, мекемелерде қолданылатын және жеміс теруге арналған қос аяқты түрлері бар (ҚҰЭ).

Өлтірер, жерге тығар, мола қалмас,

Сөйтсе де жер талпыйтпай қойып болмас.

Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,

Басқыш болып аспанға шығара алмас (Абай, Тол. жин.).

Үстіне жауын-желден сақтық үшін теңселмелі кабина орнатады. Кабинаның ішіне басқышпен енеді (Д.Досжанов, Жусан гүл.).


Архип барып құлыпты салып келді,

Әр мұжық бір қолтық шөп алып келді.

Басқышқа салом менен шөп толтырып,

От қойған соң дүрілдеп жанып берді (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).


2. Көп қабатты үйлерде, ғимараттарда жоғары қабатқа көтерілу үшін салынатын архитектуралық бөлік.

Жүрегім айнығандай болған соң басқышта сәлкем сүйеніп қалып ем, шофер мені қолтығымнан көтеріп, төмен қарай жетелей жөнелді (М.Сатыбалдиев, Коңыр қозы).

Жайшылықта қырық басқышты тұлпарша ұшып өтетін жігіт ентігіп келе жатыр (С.Бердіқұлов, Жұмыр жер.).

Алмазов шамды ұстап, шөгеннен құйылған басқыштарды саңғырлата аттап жоғары көтеріледі (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).

3. а у ы с. Жүйенің белгілі бір дәрежесі, сатысы, кезеңі, деңгейі.

Әкімшілік сатысының жоғарырақ басқышында тұрғандарға жанасуды Құдайберген мәртебе көретін (Т.Ахтанов, Каһарлы күн.).

Оның үстіне бастауыш мектептердің програмы бірнеше түрлі, екінші басқыштағы тағы неше алуан боп жасалып, әр мектептің өзі бір бөлек ауыл боп өмір сүретін, түрлі мектепке түрлі ат қойылатын (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Қорқу сезімінің бірнеше басқышы бар. Жеңіл қорқу тынышсыздану деп, қатты қорқу үрейі ұшу - деп аталады (М.Жұмабаев, Шығ.).

Біздің жұрт әлі күнге шейін мәдениет басқыштың ең төменіне аяқ баса алмай тұр (М.Дулатов, Шығ.).