lat: BATPAN
ертедегі салмақ өлшемі. Өткен ғасырларда шығыс елдерiнде қолданылған ең төменгi салмақ өлшемi мысқал, ал ең үлкен салмақ өлшемi манн немесе батман-батпан болды. Қазақтың ауыз әдебиетінде батпан жалпы заттың ауырлығын бейнелейді. Ортағасырлық шығыс метрологиясы бойынша: батман өлшем бiрлiгi еселенген мысқалға негiзделген. Канондық мысқал мұсылман елдерiнде 4,464 г-ға тең болған, бiрақ кейбір елдерде бұдан сәл басқаша салмақ өлшемінде де қолданылды. XIV ғ.-да Қыпшақ елiнде мысқал салмағы 4,46 г теңелген. Батпан да салмақ бiрлiгi ретiнде, әр елде, әр кезеңде, әртүрлi хандар тұсында түрлiше болып отырған. Өлшем ауытқуы 401,78 г басталып, үлкен батмандар (манн-и-шах, падишах батмандары) 6-7 кг болып, кейде 83 кг-ға дейiн жететiн. XIV-XVIII ғ.-да Бұқарада шариғаттық канондық манн 4,8 г-ға тең болған. Дештi Қыпшақта, Алтын Орданың астанасы Сарайда манн 1,953 кг-ға теңеліп, XIX ғ.-да Ташкент, Шымкент қаласында бiр Б. 10,5 пұт, яғни 171,99 кг, Әулиеатада 12 пұтқа тең болды. Шағатай кітаби тілінде, түрікмендер, османдықтар, хиуалықтар мен қазандықтар батпан деп «төрт пұтқа тең салмақты» айтқан. Қазандықтар батпанды салмақ өлшемі мен жер мөлшері мәнінде де, яғни «жарты десятина» мағынасында қолданады. Э.Севортян түркі тілдерінің этимологиялық сөздігінде бұл сөздің әр тілде әртүрлі дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрлерін көрсетіп, салмақ, жүк, жер өлшемі мағыналары бар екенін айтады. Қазақтар батпан өлшем бірлігін ХIХ ғ.-дың аяғына дейін қолданып келді. Кейін орыстардың кір тастарының енуімен батпан бірте-бірте қолданыстан шықты. Ресейде батпан туралы алғашқы дерек Афанасий Никитиннің «Үш теңіздің ар жағына саяхат» атты кітабында кездеседі. Ескілікті орыс жазбаларында ол 10 фунтқа тең делінеді. Қазан губерниясында батпан үшін 4,5 пұт астық мөлшері алынған. Ал көне түрік сөздігінде батпан 180-300 кг аралығындағы салмақ өлшемі делінген. Кейбір жерлерде батпан үшін астық салынған қойманың көлемі де алынған. Бұл деректерден батпан, батман, безмен сөздері тарихи шығу тегі жағынан өзара байланысты лексемалар деген пікір туындайды.