БАЗ, БӘЗ, ПАЗ

lat: BAZ, BÁZ, PAZ

(пар. баз باز)   

1. Сол, әлгі, қайтадан, біресе.

Есі кетіп, аһ ұрып жылап уа бір замандан соң бәз өзіге келіп... («Үшбу Ғауазханның қиссасы-дүр». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).

Уа Хасанханны һәмма жігіттері сардар орнында көріп, барша ықтиярыны Хасанханға берді. Сол тариқыда бәз бес жыл өтті («Хикаят Көрұғлы сұлтан». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).

Бәз-бәзда қайта-қайта.

Арманды бір-біріне болды екі жас, Бәз-бәзда сәті түсіп қосылса бас («Сара Тастанбекқызы». Бес ғасыр жырлайды. ІІІ том. 1985).

2. Сол қалпында, бәз-баяғы.

3. Адамның бір нәрсеге әуестігін, құмарлығын, қызығуын білдіретін жұрнақ. Құмарпаз құмар.

Тез кетсем деп сасыпты, Құмарпаздығы соншама («Қисса Нәрікбай-Шора» (Майкөт Ә.Сариев нұсқасы). Бабалар сөзі. 45-том. 2007. 100 томдық).

Өнерпаз өнерлі.

Тәптіштеу енді маған болды лазым, Дүниенің жисам дағы өнерпазын («Патша Синдбад хикаясы». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

Нашапаз нашақор. Жақынын жаттан жаман қылатұғын, Нашапаз болма, досым, сарт порымды («Болат, Жанат». Бабалар сөзі. 6-том. 2004. 100 томдық).