lat: BAZAR
(пар. базар بازار)
1. Базар, сауда-саттық орны. Сіз бірлән мен базарға барып едім, Қолыма мен бір тонды алып едім («Сыршы молда». Бабалар сөзі. 1-том. 2004. 100 томдық). Базар күні – базар ашық болатын күн. Базар күні асармыз дарға мұны, Зынданға барғанынша жаяу айда («Қисса Таһир». Бабалар сөзі. 1-том. 2004. 100 томдық). Базаршы – базар аралаушы. Ибн Масғұт Ыбраһым-дүр атым, – деді, Қырық кісі базаршы ердік бізлер, – деді («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық). Базар бөзіне – қызу қайнаған базарға. Мал салдым базар бөзіне , Салса жылқы тоқтайды, Арқаның бөрі көзіне («Қобланды батыр». Ақсауыт. І том. 1977). 2. Ауысп . Қуаныш, қызық, думан. Ерте тұрып келме айтсам, азан болар, Отбасы перзентпенен базар болар («Батыр Жәнібектің өлеңі». Бабалар сөзі. 56-том. 2009. 100 томдық). Балалықтың базары – балалықтың қызығы. Балалықтың базарын нық өткізу, Жарастықты жайнаған жас адамға («Әбуғалисина, Әбілхарис». Бабалар сөзі. 7-том. 2004. 100 томдық).