(бэйс, вәйс) – Қытай мен Моңғолия қазақтары арасында ХХ ғ.-дың бас кезiне дейiн қолданылған әкiмшiлiк билiк дәрежесiнiң атауы. Манж Чин империясының әмiрiне бағынған аз санды ұлттар үшiн уаң (ван) (губернатор деңгейiнде) мансабынан кейiн бэйл, онан соң бейс (бәйс), гүң (оның мемлекеттiк және көмекшi деген екi түрi бар), зәңгi (занги немесе сұмын билеушiсi) аталатын лауазымдық дәрежелер болды. Мұнан басқа хэбэй (кеңесшi), тайж (тайшы, тәйжi) қазақтардың төре атауымен мағыналас ақсүйек, хан нәсiлiнен деген мағынада) да (аймақтық кеңес басқарушысы) дәрежелерi шығыс өңірдегі шетел қазақтары тiлiнде ұшырасады. Манж Чин әкiмшiлiк бiрлiгiнiң ең кiшкентай бөлiнiсi ондықтан басталады да, 150 түтіннен тұратын сұмын құралып, ол хошунға, хошун аймаққа бағынған.