БЕК

lat: BEK

ханнан кейінгі әскери-әкімшілік лауазым иесінің титулы. Билік жүйесінде Түрік қағандығы заманынан бері орын алған. Түркі қоғамында бектердің бір бөлігі сот билігін атқару, салық жинау т.б. саяси-әкімшілік істерін басқарды. Бек лауазымы кейде «аймақ басшысы» лауазымын білдірсе, енді бірде ру мен тайпа көсемдері, әскери билік өкіліретінде саналды. Қарахандар мемлекетінде де қағаннан кейінгі билік иелері бектер болды. Түріктер әсіресе әскери билік иелерін дәрежесіне қарай онбегі, жүзбегі, мыңбегі, түменбегі, ұлысбегі деп атайтын. Алайда Шыңғыс хан заманында бек атауы қолданыстан ығысып, жүздік, мыңдық, онмыңдық қолды басқарғандар ноян деп аталған.                                                                       Орыс хан дәуірінде Едігенің әкесі Балтышақ беглер бегі деген лауазымға ие болған. Оның бұл титулы ұрпақтарына мұрагерлік жолмен берілген. Төрт ханды отырғызған Едіге солардың тұсында беглер бегі болды. Бұл мансап ханнан кейінгі орындағы «әскери бас қолбасшы, бас уәзір» дегенге саятын. Қазақ хандығында Б. лауазымы жүздің, рудың әскерін басқаратын қолбасшыға, батырлығымен, не ақылы- парасатымен үлкен беделге ие болған тұлғаға берілген.                                                                                                                      Ш.Уәлихановтың пікірінше, бий көне түрік сөзі; бек, бей, бий нұсқаларының алғашқы мағынасы «қазылық». Ал алтай шамандық пантеонында бас кейіпкерлер Ерлик-би, Улген-би деп те аталады. Демек бек, бей, би деген сөздер белгілі бір құзыретке ие билеушінің лауазымы болған. Түркі сөзі бектің араб тіліндегі баламасы эмир, ал моңғол-тұңғыс тілінде ноян деп аталады.