lat: BELDEÝ
з а т. 1. э т н. Киіз үй туырлығын керегеге тығыз жатуы үшін сыртынан айналдыра буатын қыл арқан.
Шідерлігі жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуде тыныш тұрса байлап көрсек (Абай, Тол. жин.).
Сол кезде Күшікпай ауырып жатыр дегенді естіп, талайдан өшін ала алмай жүрген Уақтың бір батыры жауының [жанын ауыртпақ болып], белдеуде байлаулы тұрған қызыл бесті деген атын тал түсте тартып алып кетіпті (М.Әуезов, Шығ.).
Құрым үйінің белдеуінде бір ғана құлын, оның қасында оқырана түсіп кер шолақ бие тұр (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).
2 а у ы с. Таудың орта шені, бел тұсы.
Белдеудегі қара балшық ысқаяқтанып, жылтылдап алған, бір салғанда асықтайы өзер сынады (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).
Тау белдеуіне сыңси өскен жасыл қарағай қара барқын тартып, әлдеқандай бір сыр шерткендей болады (С.Бегалин, Уақыт.).
Қыста қар қалың түскенде барыс таудың орманды белдеуіне дейін төмендейді (Х.Қыдырбаев, Дала көркі).
3. Бір нәрсенің бел тұсына айнала түскен жолақ.
Ақ киізді қызыл белдеумен айналдырыпты (Т.Жармағанбетов, Сентябрь.).
Серік оның қолынан балтаны ала сап, қаңылтыр белдеулерді қиып, жәшікті ашты (М.Жұмағұлов, Қыран.).
4. г е о г р. Белгілі бір параллельдер аралығындағы жер бөлігі.
Осы екі арадағы жерді ол бес белдеуге бөледі.
Оның екеуі ғана адамдар тұруға қолайлы, қалғандары қолайсыз дейді (Н.Баяндин, Геогр. атау.).
Ал тропикалық белдеуде мүлдем басқаша. Экваторға күн сәулелері жыл бойы тіке түседі («Соц. Қаз.»).
Планетаның экваторлық белдеуінде бұлттардың салыстырмалы қозғалыс жылдамдығы секундына 500 метр, ал осындай экваторлық қозғалыс Юпитерде бар-жоғы 150 м/с («Зерде»).