Белсенділіктің қозғаушы күші — қажеттілік пен құштарлық. Тіршіліктің негізі — қозғалыс пен іс-әрекет болса, оның не қарқынды, не баяу жүруі қажеттілік пен құштарлық шегіне байланысты. Белсенділік элементарлық белсенділік, биологиялық белсенділік, әлеуметтік белсенділік болып жіктеледі. Белсенділіктің бұл түрлерін өзінің қамтылу аясына қарай әр ғылым өз әдісіне сай зерттейді. Әлеуметтанудағы белсенділік — адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетін сипаттайтын негізгі белгілердің бірі. Мұны саяси белсенділік, әлеуметтік белсенділік және психикалық белсенділік деп бөледі: Саяси белсенділік — жеке тұлғаның не әлеуметтік топтың саяси процеске араласу деңгейін білдіретін ұғым. Бұл белсенділік әлеуметтік топтың өзі көздеген мақсаттарына сай саяси жүйеге ықпал етіп, оны өзгертуге ұмтылуынан байқалады. Әлеуметтік белсенділік — белгілі бір тарихи кезеңде әлеуметтік топтың, қауымның қоғам алдына қойылған міндетті саналы түрде шешуге бағытталған іс-әрекеттерінің жиынтығы. Әлеуметтік белсенділік қоғам өмірінің әртүрлі аясында (саяси-қоғамдық істерде, еңбек, мәдениет және тұрмыс саласында) көрініс береді. Психикалық белсенділік — субъектінің ұстанған бағдарын жүзеге асыру барысындағы іс-әрекетінің жігерлілігі. Ол жеке тұлғаның өзіндік ерекшеліктеріне, яғни белгілі бір ахуалға сай әсерленуіне, мінез-құлқына, шешім қабылдау қабілетіне байланысты. Психологиядағы белсенділік — адамның сыртқы ортамен қарым-қатынас жасауының сипаты. Бұл орайда белсенділік іс-әрекетпен байланысты бағаланады. Психологияда белсенділікті тұлға белсенділікті, ситуацияға үстем белсенділік, іздену белсенділікті, шектен асқан белсенділік деп бөледі. Тұлға белсенділікті — адамның шығармашылықтағы, іс-әрекеттегі, қоғамдағы, карым-қатынастағы тегеурінділігі. Бұл адамның әлеуметтік өзгерістерге араласуынан байқалатын қасиет. Тұлға белсенділікті оның идеялық принциптілігі мен өз көзқарасынан таймауынан, сөзі мен ісінің бірлігінен көрінетін адамның белсенді өмірлік позициясы ретінде сипатталады; ситуацияға үстем белсенділік — субъектінің ситуациалық алаптардың деңгейінен биік болу кабілеті. Ситуацияға үстем белсенділік арқылы субъект іс-әрекеттің ішкі және сыртқы кедергілерін (мысалы, енжарлық самарқаулық селқостық, т.б.) жеңеді. Белсенділіктің бұл түрі шығармашылық жағдайларда, танымдық белсенділікте риясыз бас тігуде және шектен асқан белсенділікте көрінеді; іздену белсенділікті болашағы беймәлім ситуацияны өзгертуге бағытталатын мінез. Іздену белсенділікті — мінез-құлықтың көп типтерінің бірі болып табылады. Оның психикалық көріністері — жоспарлау, қиялдау, т.б.; шектен асқан белсенділік — нәтижелі іс-әрекетті сипаттайтын, істің жоғары нәтижелігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі.