Алтай тауы аумағының бөлігі болып табылатын Шығыс Қазақстан облысы жалпыадамзаттық өркениетті бейнелейтін түрлі тарихи оқиғаларға, ескерткіштерге өте бай. Ата-бабамыздың тарихын баяндайтын көптеген көнетүркілік мұралар сақталған. Оны Катонқарағайдағы «Берел қорғандары», Зайсандағы «Шілікті обалары», Ұлан ауданындағы «Аблайкит қамалғибадатханасы», Абай ауданындағы «Қырықүңгір» ескерткіші, Тарбағатайдағы «Елеке сазында» жүргізілген қазба жұмыстары айғақтайды. Олардың «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында зерттеле бастауы жалпы адамзаттың мəдени жəне рухани даму тарихын зерделеуге үлес болып қосылып, археологиялық зерттеулердің нəтижесінде бұл өлке мен ел тарихының жаңа парақтары ашылды. Мұндағы Шілікті мен Берел қорғандарындағы қазбалар, онда табылған «скиф-сібір аң стиліне» немесе сақ өнері мен өркениетіне жататын алтын бұйымдары арқылы бүкіл əлемге əйгілі болды.
Қатонқарағай ауданының Берел ауылы жанындағы жазықтан табылған жетпіс шақты қорған-қорым осы жердегі Берел өзені атауы бойынша тарихи термин ретінде ғылыми айналымға енді. Олар əртүрлі көлемдегі тастардан үйілген дөңгелек пішінді тас обалардан тұрады. Ғалымдар бұл қорғандарда б.з.б. ІV ғасырда мемлекет құрған скиф-сақ тайпаларының көсемдері жерленген деген тұжырымға келіп, ол пайда болған уақытты Берел кезеңі деп атауды ұйғарды. Сақ жəне түркі тарихи кезеңдерінен басталатын бұл қорымдағы ең ерте обалар б.з.б. IV–III ғасырларда үйілген, ал кейінгілері көне түркілер дəуіріндегі біздің жыл санауымыздағы VII–VIII ғасырлардан келе жатқан тарихи ескерткіштер ретінде бағаланды.
Берел қорымы негізінен алғанда үш бірдей қорғандар жиынтығынан тұрады. Бірінші топты таудың ортасына орналасқан 6 қорған, екінші топ батыс жағындағы 12 қорғаннан, үшінші топты шығысында орналасқан 9 қорған құрайды. Осы топтағы ең үлкен қорған ғылымға «Үлкен Берел» қорғаны деген атпен белгілі болды. Ғалымдар осында табылған сақ көсемдерін антропологиялық тұрғыдан зерттеп, сүйек құрылысының сақталу ерекшелігіне сай салыстырмалық талдаулар жасау барысында ежелгі сақтардан қалған ұрпақтың негізгі бөлігі қазіргі қазақтар екеніне көз жеткізді. Берел кезеңіндегі мəртебесі жоғары көсемдердің қабіріне бірге көметін жылқы қаңқаларының жатуы, қарағайдан жасалған ағаш табыт ертедегі Алтай көшпелі тайпалары ескерткіштерімен үндесіп жатыр.
Жүргізілген зерттеулер нəтижесі тарихта Берел қорғандары көсемдер мен атақты адамдарды жерлеу мəдениеті жағынан алғанда Египет пирамидаларынан кейінгі екінші орын алады деген болжамға негіз болды. Қазба жұмыстарын жүргізу кезінде қорғандардың ішінен 2–3 м тереңдікте ағаштан жасалған жеке бөліктегі бірнеше жылқының қаңқасы мен қажетті бүкіл əбзелдерімен аттың мумиясы, екі бірдей тұтас сақталған адам сүйегі мен адам мумиясы табылды. Сонымен қатар сыртына алтын жалатылған ағаш əшекейлер, түрлі киімдер, ат əбзелдері, ағаш бұйымдары, ертоқым, қару-жарақтар, тері мен киізден жасалған тұрмыстық заттар шірімей жақсы сақталған. Əсіресе, №11 деп таңбаланған қорғаннан табылған ер адам мен əйел жəне бірыңғай жирен түсті он үш ат ер-тұрманымен біршама бүлінбей жеткен. Ежелгі сақтар мен көне түркілердің осы тау аңғарының табиғи ерекшеліктерін тап басып тани алу арқылы қолдан тоң қабаттарын жасай білуі ерекше құрметке ие. Олардың тастарды шебер қиюластырып, кең де биік оба түріндегі жылы ауа бармайтын жасанды тоң қабатын жасауды жетік меңгергені дəлелденді. Қорғаннан табылған əртүрлі көлемдегі аң мүсіндері ағаштан ойып жасалып, одан кейін сол мүсінге лайықталған жұқа алтын қаптамалармен орап тасталған. Оларға түрлі мəндегі ою-өрнек салған. Ғалымдар алтын металын ерекше шеберлікпен өңдей білген жəне жерлеу салтына сай пайдалана білген сақтардың ежелгі кездегі технологиясының құпиясын аша алмай таң қалып отыр.
Берелдегі №2 қорғаннан егде жастағы əйел мүрдесі мен жеті жылқы табылды. Патша əулетінен шыққан мəртебесіне байланысты жеті жылқыны бірге қойған. Бірақ қорғандағы алтын бұйымдар тоналған, көне тарихты тануға аса қажетті көп заттар жоғалған. Патшайымның алтынмен əдіптелген киімінің кейбір жұрнақтары ғана сақталыпты. Жүздеген əшекейден тұратын алтын киімінің кейбір бөлігі ғана қалған. Сондай-ақ сабы жыртқыш аңның бейнесінде жасалған қоладан құйылған айна табылды. Қасына кендір дəнін ұнтақтайтын арнайы құрал мен ыдыс қойылған. Патшайым ауырып қайтыс болғандықтан, о дүниеге барғанда ем-домына қажет болады деген оймен жанына қойған. Ал жанындағы бірнеше жылқының басына əшекейлі бетперде кигізілген. Бір аттың басында алтыннан құйылған құстың бейнелері шықты. Бұған дейін №10 қорғанда табылған аттың ер-тұрманының əшекейлерінде бірнеше қораз бейнелері бедерленген. №19 қорған да қатты тоналған. Бірақ тонаушылар қабірдегі мүрдені аяғынан сүйреп тартқан кезде, бас киімінің бір бөлігі орнында қалып қалған екен. Яғни, Есік қорғанындағы «Алтын адамның» бас киіміне ұқсас алтыннан жасалған сəукеле қалдықтары табылды. Өте қызық əрі құнды дүние. Бұл – бойжетен жас қыздың мүрдесі.
Берел қорымынан табылған тарихи жəдігер үлгілері шетелдік ғалымдардың да ынтасын оятты. Оларды лабораториялық тұрғыда зерттеу жұмыстары қазір шетелдік зерттеу орталықтарында Токиодағы (Жапония) Ұлттық генетика институты мен Ресей ғылым академиясының Археология жəне этнография институтының Сібір бөлімінде жүргізілуде. «Халықтың өткені болмай, болашағы болмайды» деп Елбасымыз өзінің Жолдауында бірнеше рет атап өткен болатын. Бүгінде «Тарихи – мəдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесі» құрылып, ескерткіштерді қорғау, сақтау жəне насихаттау жұмыстары атқарылып жатыр. Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ата-баба мұрасы» экспозициясы жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейінгі зерттеу жұмыстары нəтижесінде табылған 3000-нан астам артефактілер мұражай қорына берілді.