lat: BESİK
з а т. 1. э т н. Қазақ халқының мәдени мұраларының бірі, ұлт өнерінің төл туындысы, баланың кеудесі мен аяғын қаттырақ байлап жатқызатын, дәретін жайдырмау үшін арнайы орнатылған түбегі мен шүмегі бар нәресте бөлеуге арналған ағаш төсек.
Бесік сәбиді желдің өтінен, жердің сызынан, салқынның қаһарынан, аптаптың жалынынан қорғаушы киелі ұя (Ж.Кейкін, Қазақы атау).
Тербеліп жер бесікте қарындасым,
Ұйқысын қалағанша қандырғасын.
Жапырақтай жайып уыз алақанын,
Ұшардай талпынатын балапаным (Ә.Тәжібаев, Жастық.).
Дінге байланысты ырымдар қазіргі кезде де халық арасында біршама сақталған. Жас баланың бесігіне, тақиясына, қыздың сәукелесіне, әншінің домбырасына, жас келін түсіргенде шымылдығына үкі таққан («Парасат»).
Жас нәрестенің бесігіне бүркіттің тырнағын, қасқыр құлағының ұшын, жыланның ақ сүйектенген басын тағу шамандық дін бойынша бәле-жала жоламайды, жын-шайтан қорғайды деп түсіндірілген («Парасат»).
2. а у ы с. Өскен орта, мекен, ата қоныс.
Кең жайлау - жалғыз бесік жас балаға, Алла асыраған бендесі аш бола ма? (Абай, Тол. жин.).
3. а у ы с. Бір нәрсенің ордасы, қайнар көзі.
Күй төгіп, кернейлетіп ағады Ертіс,
Лебімен балқытады даланы Ертіс.
Ертісім еркіндіктің бесігі бұл,
Ер жігіт, ерте тұр да Ертіске түс (Қ.Аманжолов, Шығ.).
Екен ғой Медеу,
Медет жер көркемі,
Бауырынан төмен тоқсан сел кетеді.
Бесігі қуаныштың, рақаттың,
Еңбектен тыныс алған ер мекені, (Ғ.Қайырбеков, Қосбасар).
Қазір қарасам, қазақ даласы бақыт бесігі сияқты (К.Баялиев, Жер тынысы).
4. а у ы с. Бір нәрсенің тұңғыш шыққан жері.
Орта Азия мен Таяу Шығыс елдері би бесігі саналады («Жас Алаш»).