lat: BET JYRTÝ
дәстүрлі аза тұту ғұрпында істелетін ерекше қайғыруды білдіретін аса көне ғұрып. Қайтыс болған жанның етжақындары о дүниелік болған марқұммен бірлікте екендігін сездіру үшін өздерінің тәнін жарақаттап қан шығарып, қайғысын білдіреді. Бағзы дәуірде қайтыс болған адамның жесірі ғана емес, марқұмның бүкіл жақын-жуығы шашын жұлып, беті мен құлағын жаралағандығы туралы бізге жеткен кейбір дереккөздерде айтылады. Ерте темір дәуірі және ерте орта ғасырлардағы көшпелілер «о дүниеде де өмір бар, аруақтар арғы әлемде тура жер бетіндегідей ғұмыр кешеді, оларға сенімді серіктер, тұлпар, қару-жарақ т.б. бұйымдар керек» деген наным-сенімге байланысты көсем немесе патша өлсе, оның бүкіл бек-уәзірлерін, нөкерлерін, әйелдерін де құрбандықтың ең бастылары ретінде өлтіріп, бірге жерлеген. Осы салт бірте-бірте көмескі тартып, кейін бет жырту әдетіне ұласқан сияқты. Өлген адамның артында қалған жұбайы, бауыр-жақындары беттерін жыртып, қан шығарып, жоқтау айтып, аза тұтып, жылап қайғырады. Бет жырту ертеде бет тілу деп те аталған. Көне түркілер (мысалы, туюкюлер) өлік жатқан үйге алғаш кірерде, әуелі пышақпен өзінің бетін тіліп, дауысын шығарып, жылап кірген. Беттен аққан қан мен көздің жасы аралас ағады. Тіліміздегі көзіңнен қан ақсын, көзіңнен қан аққыр, бетің тілінгір дейтін қарғыс, сірә, осы осы ғұрыпқа байланысты қалыптасқан болса керек. Байырғы ортада әйелдердің жоқтау өлеңіндегі «басым қаралы, бетім жаралы» тіркесі де осы ескі ғұрыптан қалған сорап болса керек. Бұл жағдай, әсіресе марқұмды үйден шығарарда айқын көрінетіндігін айтқан Ы.Алтынсарин: «Сүйекті шығарарда өлген адамның әйелдері ойбай салып, дауыс шығарады, оған ауылдағы басқа әйелдер де қосылады. Беттерін тырнап, қан қылады. Бастарына түскен қайғы-қасіретін жұрт алдында қаншалық күштірек көрсеткісі келсе, беттеріне де жара соншалық көп түседі», – деп сипаттайды.