БИІК

lat: BIİK

сын. 1. Төмен емес, жоғары.

Сарыарқа сайран жерлерім,

Көк орай шалғын көлдерім,

Бәрін жауға алдырып,

Асқар тау - биік белдерім.

Қысылып қазақ тұрғанда,

Данышпандар, қайда едің? (М.Дулатов, Шығ.).

Көзге қораш бойым бар,

Теңізден терең ойым бар,

Шынардан биік санам бар,

Атан өгіз ағызған

Ақылдан алпыс салам бар (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Оларға пәс болар әлі

Бізге биік көрінетін төбелер.

Біз сүрінген кезеңдерден,

Біз жүзуге жасқанған өзендерден,

Солар жүзіп өтеді деп сене бер (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Төрт бұрышы дүниенің көрінеді,

Қолға алып қарасаң биік жерден (Базар жырау, Шығ.).

// Жоғары жер, жоғары жақ.

Абай далам, көңілің жабықпасын,

Мұхтар болып даңқыңды анықтасын.

Жаңа заман бұлбұлы Бибігүлің,

Биігінде, биләһи, шарықтасын,

Сайрауынан бұлбұлың жалықпасын! (М.Мақатаев, Шығ.).

Дегенмен, құс өрлеп, аспандап шықпаған соң, қанатын кере жайып қалықтап жүрмеген соң, өте биіктен екі иығын қомдап жіберіп, құйылып-шүйіліп, қанат-құйрығынан ысқырған дыбыс шықпаған соң, межелі жеріне жеткенде аңға жарқ-жұрқ етіп түспеген соң, көп отырып қалған қыранның ұшу-қону мәнер-ырғағы, әрекет қозғалысы, арпалыс қимылы, сән-салтанаты, көңіл-күйі бұзылады (Б.Бабалықұлы, Қырандар).

Жыртқыштардың қорегін ұстауы, аулауы, тарпа бас салуы әртүрлі. Қыранқара, жамансары, қарақұстар, ұстайтын аңдарын әуелі өте биікке көтеріліп, жайлап қалықтап жүріп барлайды (Р.Әлімбаев,.. Құстар.).

Кейбіреу оспадарсыз өр көкірек,

Биікке шығамын деп бос секіред.

Баз адам қара жүрек, қара ниет,

Қайдағы шаргейдікті көңілі сүйед.

Басының бадырайған мінін білмей,

Біреудің кемшілдігін қайдан білед (К.Әзірбаев, Таңд.).

2. Асқар, зәулім.

Үлбіреген гүл, күңіренген орман, сылдыраған су, былдырлаған бұлақ, шетсіз-түпсіз қара көк теңіз, түрлі шөптер мен толқынданған дала, бұлтпен таласқан биік тау, күннің ойыншыл алтын сәулелері, ерке сұлу ай, жұлдызды түн, міне осылар сықылды жаратылыстың сұлу заттары, көріністері яки искусствоның тылсымдай жанды билеп алып кететін ән, сиқырлы сөз, сұлу картина сықылды әсерлері адам жанында бір ләззат, бір сұлулық толқынын оятып туғызбай қоймайды (М.Жұмабаев, Шығ.).

Мұнара және салған жарастырып,

Төбесін биік таумен таластырып.

Шығарды әрбір түрлі үлгілерді

Наданға ғылымменен жол аштырып (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Адамның биік таулардың басына шыға алмайтын себебі жалғыз қардан, жырадан, қиядан, тек жарлардан өте алмайтындықтан емес, жоғары шыққан сайын ауа азаятынын білеміз (А.Байтұрсынұлы,.. Оқу құралы).

// Таудың басы.

Биікке біткен сеңгірім,

Жібектен өрген кендірім.

Атаң жылап кор болды-ау,

Тауысып көздің мөлдірін (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Бір тоқтап дем аламыз әр асуға,

Жолдасым осы арадан қара шыңға!

Төменде гүл жауқазын, биікте қар,

Біз тұрмыз қыс пен жаздың арасында (Ғ.Қайырбеков, Қосбасар).

// Асылы, бары, нәрі, маңызы.

Поэзия ол - ақыл-ойдың биігі,

Жан-жүректің қуанышы, күйігі.

Поэзия ол - көркемдік те кеңістік,

Шолақ көйлек емес оның киімі (Ж.Молдағалиев, Кісен ашқан).

Сүлтанмахмұт оны өте құрмет тұтатын еді.

Екі ғасырдың бүл екі биігі бұл үйде, бұл кездесуде бөтен ештеме сөйлеспеді (Д.Әбілев, Арман.).

// Табыс, жоғары деңгей, асу, белес.

Жетпіс жылда осы шыққан биігің!

Жігіт кезде салбырайды иығың.

Капитанның қалтасына түседі,

Қалдырса үйде милиция киімін! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

Ғабит бұл өнердің бүгінгі биігінде тұр.

Оның жұмыс столы қоқсып, бықсып жатқанымен, шығармаларында олақ, салақ айтылған бос сөз емге табылмас (Ғ.Мұстафин, Ой әуен.).

3. Тапал, аласа емес, көтеріңкі.

Қоршаулы айналасы биік қорған,

Берік қып салған темір терезесіне.

Қалайша мұны көріп көңіл сенбес

Аттанып жау келсе де бермесіне? (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Биік пен аласа, ұзын мен қысқа, көрікті мен көріксіз, шебер мен олақ, ғалым мен надан қатар келгенде, араларындағы айырмасын анық көреміз (А.Байтұрсынов, Шығ).

Су аспас биік жардан тасқандағы,

Жігіттің жары Құдай сасқандағы.

Бағаңа жан жетпейтін асыл еркем,

Дәрежең жұлдызбен тең аспандағы (Ақан сері, Шығ.).

Жаңа қора - кең сарай, қашасы мен түбіне тай шаптырым. Керегесі желі бойы биік. Кірпіш көк керіп тастай (І.Жансүгіров, Шығ.).

4. Зор, ұзын.

Биік бойлы, ашық қараторы жүзді, төгіле күлтеленген жұмсақ қара шашты Мұрат Қасымов бет ажарға да сұлу дерлік (М.Әуезов, Өскен өркен).

Биік бойлы Қажымұқан бастарын жоғары көтергенмен, қасқырлардың құйрығы жерге шұбалады (С.Мұқанов, Есею жыл.).

Көп көрген ақсақалым - Алатауым,

Аспанмен ғасыр бойы бітпей дауың,

Көк тіреп биік бойың шоқтықтанып,

Лебімен бұлтты тартып алған дәуім (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Паналап биік қамысты.

Дабылын қағып, сұңқар сап,

Болмаған күні мыңын ап,

Көлдегі құсты тауысты (Қамбар батыр).

Елшінің аяғындағы биік қонышты, көксауыр саптама етік те жарасымды (М. Мағауин, Аласапыран).

5. муз. Жіңішке (дауыс).

Ойын-тойда талай биік дауысты әйелдердің әнін ести жүре дәл осындай үнді Шоқан кездестірген жоқ (С.Мұқанов, Өмір өзегі.).

Жас жүректің тереңінен ақырын шымырлап шығып, бірте-бірте шырқап көтерілетін биік ән (Т.Ахтанов, Махаббат.).

Өңге өнер-білімнен осынша мақұрым боп туған Әміреге табиғаттың тамаша биік, тамаша таза, тамаша өрнекті дауысты өлшеусіз бере салуы - адам қайран қаларлық көрініс (С.Мұқанов, Есею жыл.).

6. ауыс. Үлкен, еңгезердей.

Попов Әлім байдың астына өзінің желісқор биік қара арғымағын берген (А.Машанов, Жер асты.).

Есік алдына каңтара салған кең кеуделі, қияқтай құлағы шекесіне шаншылған биік торы ат, үйренген әдеті бойынша, желге қарсы аяңдап барады (Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке).

Іші қорқ-қорқ етіп желген биік мәстектермен ояздың әскерлері де ат үстінде қоқаңдап айғайлап жүр (С.Жүнісов, Ақан сері).

7. ауыс. Қалың.

Қара нарға желқом салып астына жұмсақ киіз, көрпе төсеп, басына биік жастық қойып, Бикенді алып жүрдік (Б.Тоғысбаев, Асыл адам).

Әкесі Көкшағыр кескіндес қоңқақ мұрын, сарғыш жүз, көкшіл Майқы, биік жастықта басын шалқасынан салып жатқан екен (Д.Әбілев, Арман.).

Ұзын етекті қоңыр көйлек, қолдан тоқыған жасыл жүн кеудеше, қызыл кәзел мәсі, биік галош киеді екен (С.Омаров, Өмір.).

8. ауыс. Атағы зор, мәртебелі, дәрежелі.

1892 жылдан бастап биік пәрмен бойынша бұл школдағы бұрын қазақ баласы пайдаланып жүрген 45 қазыналық орынның жартысына орыс баласын алатын болған (М.Дулатов, Шығ.).

9. ауыс. Жетілген, дамыған.

Сүгір мен Қадиша кездесуі - бұл бейнелердің өршу, даму жолдарының ең биік әрекеттері (А.Тоқпанов, Кешеден.).

10. ауыс. Деңгейі, шамасы жоғары.

Көп нәрсені сезіппін,

Сезіппін де, түйіппін.

Біреулерден жеркеніп,

біреулерді сүйіппін.

Біреулерден аласа, біреулерден биікпін.

Ақыры кеп,

Ат басын саған бұрдым, сүйіктім (М.Мақатаев, Шығ.).

Біріңізді биік, біріңізді аласа көріп алалап жатқан біз жоқ (Ә.Кекілбаев, Дала.).

Өмірдің бірталай биік беліне шыққан Абайдың өткен шақтары елес-елес тізіліп өте бергендей (М.Әуезов, Шығ.).

11. ауыс. Қадірлі, қастерлі.

Түгі де жоқ таң қалар,

Екеуіңнен асқақ емес, биік емес енді олар!

Сендер өшпей жаныңдаршы,

Сендер бақыт табыңдаршы,

Онсыз өмір мәнді ме? (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Сөзге тоқтау, сөз салмағын сезе білу өнері бір кезде біздің қазақ арасында аса биік, аса қадірлі болған-ау (Ж.Саин, Жол үсті.).

// Өре, деңгей, дәреже.

Кең табиғат бұған шебер, бұған бай,

Тау болған соң тұрмас және мұнармай,

Кейде тіпті биік болу қайғы екен,

Биігіңе тұрса ешкім шыға алмай (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Тілсіз мұңға көміліп от талабым,

Өзімді-өзім аяусыз ноқталадым.

Осы шыққан биікте қалу үшін

Қоштасудан басқа амал жоқ, қарағым (М.Шаханов, Ғасырлар.).