БИІКТІК

lat: BIİKTİK

зат. 1. Заттың тігінен алғанда жоғарылығы, зәулімдігі , ұзындығы.

Жағаласақ, камерада Абылайдың көз тасы жатыр. Ұзындығы кісі бойындай. Биіктігі орындықтай. Мінсіз төрт қырлы көк ала мәруар мұздай жылтыр, айнадай тегіс, шимайша ойып келтірген олпы-солпысыз, үшкір сұлу жазулары жалап қойғандай мүлтіксіз (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Гадтың керігі деп еді аттың тегі,

Таусылмас айта берсек оның кебі.

Ұзындығы екі жүз кез болғанда,

Жүз елу кез тағы бар биіктігі (Бабалар сөзі // Діни дастандар).

Сұңқардың екі мұртың жебесіндей,

Ақылың оман дария кемесіндей.

Сұрасаң биіктігің мен айтайын

Күн шалған Алатаудың төбесіндей (Орынбай Байқожаұлы // ХІХ ғ. қаз. поэз.).

Ондағы ағаштардың биіктігі 100-150 аршынға жетеді (А. Байтұрсынұлы.., Оқу құралы).

Жиырма бес - биіктік пен тереңдік,

Биіктік пен тереңдікте - көк пен жер! (Т.Айбергенов, Мен саған.).

2. Жоғары жақ.

Металлургвентиляция ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мынадай жайтты анықтаған: жарылыстан соң бір минуттан кейін газ-тозаңды бұлт 180-200 метр биіктікке көтеріліп, карьерден жел айдап әкетеді, ал карьерден 1-1,5 км қашықтықтағы ауада шаң- тозаңның жиналуы бір сағат бойы 6-10мг/м 3 болады (Т.Қалыбеков, Экология.).

Әне-міне дегенше бұлар көтерілген шаңырақ астында, жете-қабыл биіктікте ерте көктемде бас жарған бәйшешек гүліндей қопарылып ашыла бастады (Ә. Тарази, Нұрлы дүние).

3. геом. Фигуралардың төбесінен түсірілген перпендикуляр кесінді, яки осы кесіндінің ұзындығы.

Демокрит, мәселен, табаны цилиндр немесе призмада жатқан, ал биіктігі сондай конустың немесе пирамиданың көлемі сол цилиндрдің немесе призма көлемінің үштен біріне тең екенін тұңғыш дәлелдеген (А.Көбесов, Математика.).

Ыдыс түбінің ішкі радиусын х десек, ал оның ішкі биіктігін 2 десек, онда оның сыйымдылығы болады (О.Жәутіков, Жоғары математика.).

4. геогр. Жер бедеріндегі жеке элементтердің тік бағытта орналасу шамасы .

Сондықтан сыртқы үйінділердің биіктігін таңдауда бұл параметрлердің қазба жұмыстарының тиімділігі мен табиғи ортаны бүлінуіне тигізетін алуан түрлі әсерін де ескеру қажет (Т.Қалыбеков, Экология.).

Пьезоме- тірлік деңгейдің бірдей биіктіктерінің нүктесін қосатын сызықтарды гидроизопьезалар немесе пьезогипстер деп атайды (К.Сапарбайұлы. Геология.).

Теңіз сілкінуі кезінде цунами деп аталатын биіктігі 15-20 м-ге жететін қуатты толқындар пайда болады (К.Сапарбайұлы, Геология.).

5. астрон. Аспан шырағының горизонтальды координаттар жүйесіндегі координатының бірі .

Биіктік математикалық горизонт пен шырақ арасындағы биіктік дөңгелегі доғасымен (аспан күмбезі үлкен дөңгелегінің зенит және надир нүктелері арқылы өтетін) өлшенеді (ҚҰЭ).

Ал 266 километр биіктіктегі ауаның тығыздығы жер бетіндегі ауаның тығыздығынан 10 миллиард есе кем, одан әрі 100 километр биіктегенде ауаның тығыздығы тағы да 10-12 есе азаятындығы белгілі болды (М.Құдайқұлов, Ғылым. дін. туралы).

Ионосферадан бергі қабат стратосфера жерден 50 километр биіктікте (Қ.Исабаев, Көгілдір қазына).

6. муз. Дыбыстың сапасы, дыбыс көзінен шыққан тербеліс жиілігін есту мүшесінің қабылдау формасы.

Жиілік өскен сайын дыбыс биіктігі де ұлғаяды (ҚҰЭ).

Лад - әртүрлі биіктіктегі дыбыстардың бірігіп, бірі екіншісіне, басқаша айтқанда, жеке бір дыбысқа (тоникаға) тартылулары (Хормен жұмыс). Камертон - дыбыс биіктігі өзгермейтін, асыл темірден жасалған құрал (Қ.Қуатбаев, Қысқ. муз. сөздігі).

7. псих. Жеке тұлғаның ақыл-парасатының кемелдігін, мінез байлығын білдіретін ұғым.

Ол әуелден биіктікке жаралған,

Тұрса болды тобы бүтін, бәрі аман.

Биіктерге биік болу түк емес,

Аласаға биік болу кәрі арман (Ғ.Қайырбеков, Большевик.).

Ақын - жан ғой, жалыннан от өрген,

Асқақ арман, биіктікті сүйетін.

Шаңырақты сондықтан сол көтерген,

Сондықтан да биік әдебиетің (Ә.Абайділданов, Алыс.).

8.ауыс. Аспан, көк, әуе.

Биіктік болса қаларым

Төменді маған ұсынба.

Құстар да балапандарын

Баулиды алыс ұшуға (А.Бақтыгереева, Өрімтал).

Қарағайлар таумен биіктікке таласқандай, өзін тіп-тік, тәкаппар ұстайды, жап-жасыл жапырақтары да көкке қарап өседі (З.Шүкіров, Жас жесір).

Барлық құстың қиялы мен өлеңі,

Биіктік қой о бастан. Менің-дағы биік ұшқым келеді, Сен куә бол, ақ аспан! (М.Шаханов, Ғасырлар.).

9. ауыс. Зор болушылық, асқақтық .

Биіктік, саған құмарта,

Талайлар жүр ғой қол артып.

Оларға менің мін арта,

Кінәм жоқ әсте қояр түк (С.Оразаев, Дала.).