lat: BIİKTE
ет. 1. Биікке өрлеу, жоғарылау.
Құлаштап, сермеген әлпеншекке Абай мен Тоғжан кезек-кезек биіктей түсіп, теңселіп тұрып ән шырқасты (М.Әуезов, Шығ.).
Сол сәтінде-ақ жігіттер дүбірлете даңғыра қағысып, шақылдата шаңдауыл ұрған, дабырлай айқайласқан. Көл бетінен жапырлай көтерілген құстар өзенді бойлай, бірі төмен, бірі жоғары, кейбіреулері, тіпті, оқыс биіктеп, жігіттердің басынан аса, әйтеуір көк күймедегілерге оңтайлы шамадан алыста, бытырай ұшып кетіп жатты (М.Мағауин, Аласапыран).
Пирамидалардың табаны, негізі байтақ, шаршы. Биіктеген сайын қушықтала береді, жіңішкере береді (Ш.Мұртазаев, Қара маржан).
Аспанға қанша метр биіктесем,
Жерге де сонша метр сүңги алам (Т.Айбергенов, Мен саған.).
2. Асқақтау.
Биіктей берсін, биіктей берсін өкінбен,
Мұнартып тұрған шыңдарым менен асқарым (М.Мақатаев, Шығ.).
Әр қырқасына көтерілген сайын жақпар тас жалаңаш құзданып биіктей бастайды (Қ.Қазиев, Иманжапырақ).
Ояң жерлер тіпті төмендеп, қыраң жерлер тіпті биіктеп кеткендей (Ғ.Мүсірепов, Таңд. шығ.).
3. Көтеріңкілеу, көтерілу.
Қаланың бұрынғы қақпасына таянғанымызда үйінділердің сол қол жағы жайпау болады да, оң қол жағы бара-бара биіктеп, түйетайлыланып кетеді (Д.Досжанов, Құм жұтқан.).
Күннен-күнге қомақтана түскен жал-жал топырақ төмпектер биіктеген сайын терге малшынған қара күрең иықтар бірте-бірте аласарып, бір күндері жер астына біржола еніп, жоқ болды (Ә.Кекілбаев, Бір уыс.).
Қырқалар біртіндеп тас шоқылы жон-жоталарға ұласып, биіктей береді (С.Байжанов, Сыр.).
Абай оң жақта қысқы ас тұратын екі кілетті және төбесін шатырша биіктеп жапқан шошаланы қарап шықты (М.Әуезов, Абай).
4. Ұзару, үлкею, өсу.
Биіктеп Алатаудың Талғарындай,
Тереңдеп Атыраудың аңғарындай,
Аңқылдап жомарт көңіл келе жатыр
Қазақтың даласының аумағындай (С.Мәуленов, Алыс кетіп.).
Сол дауылда «менмін» дейтін бұл дүниенің шынары,
Терек байғұс тым биіктеп кеткені үшін сынады (М.Шаханов, Ғасырлар.).
Төрт бұрышты келген аласа қызыл үй қазір төрт жағынан бірдей кеңейтіліп биіктеп кеткен (Д.Әбілев, Замана.).
5. Қалыңдату, қомпайту.
Беліне шөм салып, екі өркешінің арасын жоталап биіктепті де, соның үстінен бастыра бір ашамайды орнатып, мықтап шандып, таңып тастапты (М.Әуезов, Шығ.).
6. ауыс. Алға басу, өсу, даму, өрлеу, жетілу .
Көп жүрсең биіктердің арасында,
Өзің де биіктейсің, нанасың ба?
Зәулімді анығырақ көргің келіп,
Аспанға бойың созып бағасың да (М.Әлімбаев, Өшпес от).
Сондықтан да биіктеп барады елім,
Барады ұлы Отаным - балалы елім.
Жер бетінде ырысты бір мен болсам,
Бақытсызға өзімді балар едім (Ж.Молдағалиев, Шығ.).
Ғылымның деңгейі, дәрежесі биіктеп келеді (Қ.Найманбаев, Серт).
Күні кеше балғын ек, балаң едік,
жапан түзге жаңа екпін ала келдік.
Жас қаланың іргесін қалап едік,
Өзіміз де биіктеп сала бердік (М.Әлімбаев, Көңіл күйі).
7. ауыс. Еңсесі көтерілу, жадырау.
Сен неткен туған өңір сүйікті едің,
Баурыңнан өрген бала киік едім.
Аралап көріп бүгін өскеніңді,
Мен дағы өркештендім, биіктедім (Т. Әбдірахманов, Кілт).