БИ

lat: BI

дәстүрлі қазақ қоғамының билік жүйесіндегі беделді тұлға, саяси-потестарлық категория. Би лауазымының нақты қай кезде пайда болғаны белгісіз. Бидің мағыналық төркіні VІІ-ХVІ ғғ. түркі тілдеріндегі бек болуы мүмкін. Билер әлеуметтік қатынастарды. әдеттік құқықтың нормалары мен принциптері арқылы ұйымдастыратын, әрі реттейтін функция атқарды. Алайда бидің функциясы тұлғалық функция болған жоқ. Себебі би, ең алдымен, көшпелі ортадағы институционалдық қатынастар жүйесінің ең басты компоненті, яғни саяси-потестарлық институт ретінде қызмет атқарды. Сондықтан көшпелі социумдағы бидің орны мен рөлі дегеніміз, түптеп келгенде, билер сотының орны мен рөлі жөніндегі мәселе болып шығады. Алайда бидің жеке басының кісілік және азаматтық қасиеттері ерекше шешуші рөл атқарды. Яғни біліктілігімен, ұйымдастырушылық дарынымен, әлеуметтік белсенділігімен, әділдігімен, һәм шешендігімен ел арасында айырықша беделге ие болған тұлға ғана би болуға лайықты деп танылды. «Би атану үшін, – деп жазды сол заманның көз көрген білгірі Ш.Уәлиханов, – халық алдында әлденеше рет шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған». Бұл жердегі шешендік сөз зергері дегенді ғана білдірмейді. Сонымен бірге қазақы ортадағы шешен адам – халықтың мұң-мұқтажын терең түсіне білетін, әрі әдеттік құқықтың ежелден орныққан нормалары мен принциптерін жете меңгерген және қауымның, жеке тұлғалардың мүддесін табанды қорғай білетін тұлға. Осындай дара қасиеттерімен қауымның сынынан мүдірмей өткен тұлға халықтың қалауымен би атанды. Деректерге қарағанда би болатын тұлғаның жасына шек қойылмаған. Мысалы иісі қазаққа әйгілі үш жүздің төбе билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би жас кезінен-ақ жесір дауы, жер дауы сияқты көшпелі қауымдағы ірі мәселелерге би ретінде белсене араласқан. Дегенмен би лауазымына әдетте көпті көрген дейтіндей ақсақал жасына жеткен аса тәжірибелі адамдар сайланып отырды. Биге жоғарыда айтылған дара қасиеттерге ие қатардағы тұлғалар ғана емес, тіпті көбінесе беделді ақсақал атанғандар, рубасылары және сирек болса да батырлар арасынан да лайықты дегендері сайланды. Ауыл арасындағы ошақ басы, от қасы дейтіндей тұрмыстық мәселелерді бидің жалғыз өзі-ақ төрелік етіп шеше беретін. Бірақ би міндетті түрде ауылдың игі жақсыларының пікірімен санасып отырды. Ал жоғарыда айтылғандай жесір дауы, жер дауы және ру-қауым аралық, тайпалық бірлестіктер арасындағы, әлбетте бүкіл этнос деңгейіндегі сан алуан саяси, шаруашылық, мәдени, идеологиялық дау-дамай мәселелер тек билер соты арқылы шешілді. Осыған орай ру-қауым деңгейіндегі, тайпалық бірлестік деңгейіндегі және бүкіл этнос деңгейіндегі билер соты қалыптасты. Этнос деңгейіндегі әсіресе, халықаралық маңызды саяси-идеологиялық және экономикалық мәселелер алқа билер, яғни төбе билер кеңесінде қарастырылып, шешімін тауып отырды. Осындай кеңестерге үш жүзге атақ-даңқы шыққан беделді билер, ақсақалдар, батырлар да белсене қатысты.                                                                                                                                                                                                                                                                Билер институты Тәуке хан заманында ең жоғары деңгейге көтерілді. Осы кезеңде ханның жанынан үш жүздің ең беделді билерінің кеңесі, яғни алқа билер кеңесі құрылды. Тіпті, алқа билер кеңесінің беделі хан кеңесінен биік тұрды. Қазақ қоғамындағы билер институтының қызметі үлкен астар мен халық құрылтайларында көрініс тапты.                                                Ру билері соттың және әкімшілік биліктің міндеттерін қатар атқарды. Егер ру аралық даулар туралы мәселе қаралған болса, сот үкімін сұлтандар, билер кейде бірнеше би «ақсақалдар» кеңесіп отырып үкім шығарған. Билердің ықпалы олар басқарған рулардың көптігіне және «күшіне», сондай-ақ олардың байырғы шыққан тегі мен беделіне қарап айқындалды.                                                                                                                                                                                                                                                                                              Қазақ даласында ежелгі дәуірлерден ХІХ ғ.-дың басына дейін қазақ қоғамының билік жүйесі саяси-потестарлық сипатта дамыды. Ауыл аймақта билікті сол ауылдың белді ақсақалы атқарса, ру-тайпа басында өмірлік тәжірибесі мол ру басылары отырды. Ру басылары белгілі дәрежеде билер ықпалында болған. Ал мемлекетік және мемлекетаралық деңгейдегі мәселелерді шешу билігі төре тұқымы хандар мен сұлтандардың құзырында болды. Билердің ерекше әлеуметтік жік ретінде тарих сахнасына шығуы қазақ қоғамында қалыптасқан рулық құрылыммен байланысты. Төрелер мен сұлтандар хандық биліктің беріктігін қамтамасыз ету мақсатында билердің әкімшілік, әлеуметтік- саяси рөлімен санасып, олардың пікірін айырықша ескеріп отырды.                                                                                                                                                                                                                                                                      Қазақ хандары мемлекеттік маңызы бар құжаттарды билердің қатысуымен жасаған. Мысалы, Тәуке ханның әйгілі «Жеті жарғысын» жасауға қазақтың үш төбе билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қатысқан. Билер батыр, бай сияқты басқа әлеуметтік жіктерге қарағанда халық арасында ерекше құрметтелген. «Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын. Би деген бір ақ шарағат, бүтін елдің біреуі ғана табатын» деген халық мақалы осы жайды аңғартады. Оның өзіндік себептері бар: билер қоғамды басқару ісінде айырықша құқыққа ие болған. «Жеті жарғы» қағидаларына сәйкес билер өзіне бағынышты ру-тайпа ішінде сот және әкімшілік билігін жүргізе алған. Сот төрелігін жүргізу құқығы болғандықтан, билер халықтың әдет-ғұрпын, рәсімдерін жатқа білуге, дауласқан мәселеніәділеттілікпен шешуге тиіс болды, билер ру-тайпаның басшысы ретінде «ру басы» қызметін қоса атқарып, өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп-талабына жауапты болды. Осылайша олар билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тіректеріне айналды. Саяси беделге ие болған ру басындағы билер сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге, оны талқылауға қатысқан. Мысалы, Тәуке ханның билігі тұсында жоғарыда аталған даңқты Төле, қаз дауысты Қазыбек би, айыр тілді Әйтеке билер билер кеңесінің құрамына енген. Билер, тіпті, ханның ішкі және сыртқы саясатына, әскери доктринасына тікелей ықпал етіп, өзгерістер енгізуге қатысқан. Жаугершілік заманда, батырлармен қатар билер де атқа қонып, жасақ құрып, мемлекет тұтастығын сақтауға ұйытқы болып, елін қорғауға ат салысқан. Ру аралық дау-жанжалдарды шешіп, дауласқан екі тайпаның басын қосып, мәмілеге келтіруге тырысқан, ағайын арасында болған араздастықты басқан. Ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұсқан келтірер әрбір дауды ақыл-кеңеспен, данагөйлікпен басқан. Сонымен қатар көрші мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты реттеп, өзара байланыс орнату мақсатында ханға көмекші, әрі кеңесші қызметін атқарған. Би шешендік өнерді меңгерген, әдет жосын-жоралғыларын жатқа білетін, бір ауызбен құн шешіп, бір ауыз уәжбен дау шешкен ділмар, бойында айырықша қасиет қонған адам болды. Би лауазымы мұрагерлікпен берілетін атақ емес. Жоғарыда айтылғандай би лауазымы адамға табиғи талантпен, өмірлік іс-тәжірибемен келген. Дегенмен де, қазақ даласында бір бидің бірнеше ұрпағы халық арасында билік құрған әулеттер кездескен. Билік тізгінін атадан-балаға жалғап, абырой қонған әулет билігін халық шынжыр қатар, шынжыры үзілмеген деп атаған. Қазақ қоғамындағы билер ғұрыптық құқық пен шариғат белгілеп берген ережесіне сәйкес үкім шығарып отырған. Билердің шығарған адал және әділ, шешімдерін ешкім ешқашан жоққа шығара алмаған, ел ішінде бидің беделі, ықпалы зор болған.