БИЛЕУШІ

lat: BILEÝSHİ

зат.1. Мемлекеттегі ең жоғары лауазым иесінің құзыретін білдіретін жинақтаушы ұғым, әмірші.

Бойынан алпыс екі айла табылатын билеуші ғана өзінің де, елінің де басын аман алып жүре алып, айласыз, әупірім, алаңғасар қайырмалаған халық құрт-құмырсқаның кебін киіп, бет-бетіне безіп, бордай тозып кететін алмағайып заманның да туғаны шығар.Кекілбаев, Үркер).

Ташкент билеушісі Сұлтан-Махмұд хан көп әскермен келіп, Отырар уәлитін басып алды .Есенберлин, Алмас.).

Хиуаның билеушісі парсының жаңадан болған әміршісі - өзін Тахмаспа шахтың құлымын деп атаған әтек Нәдірдің шабуылынан үрейлі болатын .Әлімжанов, Жаушы).

Қырғыз билеушілерінің Ресей мемлекетінің билігін мойындауға ыңғай беруі, әрине, қазақ ханының ерегесін туғызады .Қасиманов, Кенесары.).

2. Басқарушы, билік етуші .

Халықтар тарихы көбіне көрнекті, тіпті онша үздік емес, билеушілердің, төрешіл және білікті басшылардың қызметімен толыға түседі.Назарбаев, Тарих толқынында).

Қаланы билеушілер мен дәулет иелерінің көпшілігі қазақ даласын сүліктей сорған саудагерлер мен көпестер болатын.Оразалин, Абай аулы.). Қала халқы билеушілерге қарсы көтеріліске шықты.Досжанов, Құм жұтқан.).

Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша егер, қала билеушілері - ақсақал, саудагер, қожа-молдалар ұйғарса, қаланы көңілдеріне ұнаған адамға тапсыратын .Есенберлин, Алмас.).

3. ауыс. Ие, иелік етуші.

Шалық, қоянның жын соғуы - бәрінде де не бар, билеуші рух бар деп жориды.Аймауытов, Шығ.).

Тілсіз жаулардың иесі, билеушісі бар екен, солардың тілін, сырын біліп, сөре түсіріп, жалынып-жалпаятын адамдар табылмас па?.Аймауытов. Шығ.). Қазақтар түсінігі бойынша найзағай - бұлттардың билеушісі, бір періште жаңбыр жауғызуға қарсы тұрған қаскөй шайтанға қарсы оқ атуынан болады-мыс (Қаз. әдет- ғұрып.).