БИЛЕТ

lat: BILET

[франц. billit] зат.1. Пойызға, автобусқа не ұшаққа отыру үшін берілетін құжат .

- Мен сізге төрт билеттің ақшасын санап тұрып жібергенмін, - деген жуан дауысты ағай тағы да осы автобуста келе жатқан тәрізденді (Ә.Нұршайықов, Батыр.).

Біз мінген вагон плацкартсыз, сондықтан билеті барлардың кім көрінгені ерікті-еріксіз міне береді (С.Мұқанов, Есею жыл.).

Бұрын билет табылмай қалғанда елдің администраторға кіріп, жәй-жосығын айтып, керегін алып шығып жатқанын талай көрген (Ш.Құмарова, Қос шынар).

2. Кино, спектакль т.б. көру үшін берілетін құжат .

Біз жоғарғы қабаттағы көпшілік бөліміне өте бергенде, төменгі залда отырған контролер әйел бізге қолын созды. Біз билетімізді ұсындық ( Ғ. Мүсірепов, Кездесп. кет.).

«ЧП» деген екі сериялы ғаламат кино шығыпты деп естіп, әрең билет алғам (М.Мағауин, Бір ата.).

3. Белгілі бір ұйымға қатыстықты білдіретін құжат.

Партия билеті мен инженерлік дипломды қалтама салып, Ертіс мыс балқыту заводына келдім (Ә.Нұршайықов, Менің Қазақст.).

Осында күздігүні тері жинаушы Секербай келіп еді, оқ-дәрісі мол екен, аңшылық билетің жоқ деп сатпай-ақ қойғаны, антұрған (М.Мағауин, Ақша қар).

- Комсомол билет керек болса, ала қойыңдар, - деп Ережеп бүкіл бюродағыларды өзіне қарсы қойып алды (Ә.Нәбиев, Шолпан).

- Партиялық билетті сен берген жоқсың, сондықтан да сен ала алмайсың, - деді Аспан түтігіп (О.Бөкей, Сайтан.).

4. Емтихан тапсырушыға қойылған сұрақтар жазылған қағаз.

Сен билеттегі сұрақтарды айтудың орнына мүлдем лағып кетіпсің (С.Жүнісов, Өшп. із.).