lat: BLOK
[ағыл. block] зат.тех.1. Шеңберінде арқан асуға арналған ойық белдеуі бар доңғалақ механизм.
Шахта аузына орнатылған биік металл мұнараның шың басындағы блоктардан өткен болат арқанның бір ұшығы тік шахтаның ішіне кеткен (А.Машанов, Жер асты.).
Төрт-төрттен бір блокқа жұптасқан колонналар тұтас карнизге жалғасып одан жоғары күмбез орнаған (Т.Ахтанов, Үндістан.).
Ол комбинат мамандары күшімен тез анализ жасап, жобаланған жүйенің Тишин руднигінің барлық қабат, блоктарына бірдей қолдануға келмейтінін дәлелдеді (Қ.Сақабаев, Кенші.).
2. Атқаратын қызметі мен жасалу технологиясы бәріне ортақ болып келетін детальдар жиынтығы.
Енді «Қазақойл» ҰМҚ теңіз мұнай-газ кешенін дамыту бағдарламасын тезірек қабылдау қажет деп біледі. Өйткені ол бағдарламада теңіз блогы, оған қатысушылардың барлығының орындары мен рөлі құқы мен міндеттері айқындалуға тиіс («Егемен Қазақстан»).
Қарағандының мемлекеттік аймақтық екінші электр станциясында сынау жұмысынан кейін соңғы сегізінші энергетика блогы өнеркәсіптік ток берді («Соқ. Қаз.»).
Бердіқожа бүгінгі бірінші блоктың іске қосылар шешуші қадамында оның өнерлі қолы шеберліктің үлкен тәжірибесінің үлгісін көрсетті («Қаз. әдеб.»).