БОЙ

lat: BOI

зат. 1. Адам мен жан-жануарлардың тік тұрғандағы дене тұрқы.

Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалған (Мақал-мәтел).

Айсұлу қалаша киінбеген. Өзіме тете ағам бар; менен 2-3 жас үлкен болғанмен, менің бойым онан аласа емес (Б.Майлин. Шығ.).

Ауызданбай үш күндей жатып алып,

Анамның құрсағынан безіп кеппін.

Болса да бойым қысқа, денем мықыр,

Жалғанның қиынына төзіп кеппін (Бақтыбай ақын, Жел қобыз).

Ал қарағай сұлу сындардай

Сымнан тартқан сымбалдай,

Көгерген бүрі қуармай,

Шөлде өссе де суармай,

Бойы сұлу болғанмен,

Көлеңкесі талша жоқ (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Бой болғанмен,

Ақымақтың

Түк болмайды ойында.

Оты бар да шақпақтың

Жылуы жоқ бойында! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

2. Тұла бой, дене.

Ағарсын шашым, мейлі, ағармасын,

Алаң боп ауырмағай оған басым.

Жастықтың оты сөнер, оты сөнер,

Қызуы бойда бірақ жоғалмасын (М.Мақатаев, Шығ.).

Жарлы болдың, бай болдың,

Барыңды бойға жиынып.

Өткір жүрек, қызыл жүз,

Қаламдай қасың қиылып (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Әдемі қызғылт күрең галстук салған көкшіл көйлегі таза, қара көк костюмы иық омырауымен мұның ұқыпты бойына жарастықпен қонған (М.Әуезов, Өскен өркен).

Кемпір-шалдың Едіге

Жарқырап атқан таңы екен.

Қараңғы үйдің шамы екен.

Сүйсе сусын қандырған Едігенің бойында

Бір-екі белгі бар екен (Бақтыбай ақын, Жел қобыз).

3. Өзі, қара басы.

Тәңірі қосқан жолдасы

Жаман болса жігіттің

Жатқа бойы сыналған (Базар жырау, Шығ.).

Халқымда бар қасиеттің барлығы

Өз бойымнан табылмаса - біткенім,

Онда менен бұл күресте үлкен жеңіс күтпегін (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Болмағанның белгісі:

Бұлғақтап едің асаудай,

Бойыңа жанды теңгермей (ХVІІІ-ХІХ ғғ. қаз. ақын.).

Жігітке қисық қылық мінменен тең,

Жараспас жас бойына сынменен тең.

Надан бар көңілі қара, қолы сараң,

Қараңғы жүрегі оның түнменен тең (Ә.Найманбаев, Шығ.).

4. Өзен, жол, сай, көше, тағы басқалардың жағасы, жағалауы, жиегі.

Шу бойына ығыр ғып,

Төрт түлік демін алдырып;

Қошқардың шешпей күйегін

Қойды қасқыр қалдырып (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Қара Қобданың бойында бір ауылда үлкен той болып жатыр екен. Сол тойды Тәйтәй Қаракесектің бір жыршысы бастайды (Кердері Әбубөкір, Қазағым). Қызылды қыстап жаз болса,

Саланың бойыін жайлаған (Базар жырау, Шығ.).

Өзен бойыіна үзыннан салынған ауылды жағалап келеміз (Б.Майлин, Шығ.).

5. Үлкенді-кішілі қоныстың, тұрақжайлардың алқабы, өңірі.

Кез еді күні өткен үлкен соғыс,

Маман бай Торғай бойын қылған қоныс.

Жайлауы ел шектінің Еділ, Жайық,

Қараған Орынборға жүз отыз болыс... (Айман-Шолпан.)

Бір жолы сіздің жақтан дәм бүйырып,

Мен дағы Сыр бойына барып едім (Айтыс).

Көкшетаудың бойында алтын көп екенін білеміз, - деді Таубай (С.Мұқанов, Аспаз).

1855 жылы ол генерал Госфортпен бірге Орталық Қазақстан, Тарбағатай және Жетісу бойларын аралаған (М.Елеусізов, Шоқан Уәлиханов.).

6. Сырт киімнің алғы және артқы өңірі.

Бүл тігіс киімдердің бой жапсарын, етегін, жең ұштарын бүгетін жағдайда қолданылады (С.Қасиманов, Қаз. қолөнері).

Комбинезонның артқы бойы, тұтас бойы пішілген, алды белден төмендеу қиылған (Тракторист.).

7. Мезгіл мәнді есім сөздермен тіркесіп, белгілі бір мерзім, мөлшер біткенше деген мағынаны білдіреді.

Қан сорған ғасыр бойы жауыздарды,

Жазалап абақтыға тыққан жылы.

Арасын қас пен достың білген жылы,

Теңдік ап, ер-әйелдер жүрген жылы (К.Әзірбаев, Таңд.).

Осы күні кеш бойы, түн бойы Тәкежан үйі мен Ысқақ үйінде кезек кеңес болды (М.Әуезов, Абай жолы).

Нарманның айдары бар, шайнары жоқ,

Қыс бойы қызыл турам ет жемейді (Базар жырау, Шығ.).

Соңғы бес күн, бес түн бойы мен осындай қатал да болса, әділ үкімді естуге өзімді-өзім дайындап едім (Б.Момышұлы, Москва.).

Жол бойы көңілсіздеу болған Лида кенет қайта көңілденіп, өзгеден ерек көп күліп, ұшқалақтау болып кетті (Т.Ахтанов, Қаһарлы күн.).

8. Көлем, мөлшер мәнді есім сөздермен тіркесіп, белгілі бір затпен салыстырылатын өлшеу атауын, мөлшер-шаманы білдіреді.

Кісі бойы қол ұсыным бақан қадаулы, ол ат байлайтын ағаш (Ғ.Сланов, Домбыра.).

Оның жалпақ жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, сыртынан қарағанда құйған пештей болып оқ бойы алдымызда отырады, астындағы сар қасқа аты оқтай ойнап келеді (Ғ.Мүсірепов, Таңд. шығ.).

Ол күннің түсау бойы көтеріліп қалғанын көрді де, шап етіп қатынымен ұрыса кетті (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер).

9. -ған/-ғен формалы есімше тұлғаларымен тіркесіп, амал- әрекеттің алғашқы шағын я белгілі бір өзгермейтін қалпын білдіреді.

- Әй, жігіттер, қойыңдар енді, ақымақтар түге! - деп, ағызып келген бойы бердеңкеден аспанға атып-атып жіберді (М.Жұмағұлов, Қыран.).

Машинаның үстіне шығып алған Мақсұт пен Раушан кабинаға сүйенген бойы тік тұр (С.Сарғасқаев, Көңілді бала.).

От емес, өрт екен бір қалың шұбақ

Қалмайтын қарығанда, жаның шыдап,

Екпінмен келген бойы қойып кеттім,

Қойсын ба тұрған дене жану сұрап? (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).