lat: BOI /202/
зат. 1 . Адамның тік тұрғандағы дене тұрқы .
Япырмау, қалай едің сен?..
Қайғыға салдың тағы да,
Бойыма өлшеп теңбе-тең,
Қасірет бердің жаныма (1,64).
Бойы ортадан сәл жоғарылау, шашы қара қоңыр, қалың да қайратты, соңғы кезде ептеп түсе бастаған, онша ұзын емес (4,150).
2 . Тұла бойы, денесі .
Көрген күнім егерде қараң болса,
Оған менің жетпесе бойда күшім.
Ағарсын шашым, мейлі, ағармасын,
Алаң боп ауырмағай оған басым.
Жастықтың оты сөнер, оты сөнер,
Қызуы бойда бірақ жоғалмасын (2,78).
Кеудеде жан, бойда қан, қуат барда
Құйылайық нұр болып шуақтарға,
Тығылайық немесе қорғасын боп,
Тыңдамаған біздерді құлақтарға (3,230).
3 . Өзен, жол, көше, тағы басқалардың жағасы, жағалауы .
Қара су бойы талдарға,
Сайрауық құстар қонғанда,
Құбылтып әнге салғанда,
Тұп-тұнық мөлдір бастаудан,
Сусының әбден қанғанда (3,91).
Бәрі де қоштасуда.
Бірақ жан бата алмай қоштасуға жылап тұрған,
Жолығып жол бойында қырат-қырдан,
– Қош бол! – деп орамалын лақтырған (3,103).
4 . Мерзім мәнді есім сөздермен тіркесіп келіп, белгілі бір мезгіл мөлшерін білдіреді .
Ұйықтамайтын, тек қана көз ілетін,
Көзін ілсе, ерімен кезігетін.
Әйелдігін ұмытып күні бойы ,
Түнде ғана, жатарда сезінетін (2,147).
Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген,
Жақынының жат боларын кім білген.
Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен,
Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен (3, 105).
5 . –Ған/ген... тұлғалы есімшелермен тіркесіп келіп, іс-әрекеттің уақытын білдіреді .
Көлкіп, көзден шыққан жас ақпас бетпен тайған-ай,
Қас, қабақтың астына қатырып оны қойғаны-ай,
Шыққан бойда қатады мөлдір, тұнық айнадай (5,158).
Ол кісі келген бойда : «Қайда барасыңдар? Қайтыңдар кейін!» - деп ашуланатын (4,110).