lat: BOIJETKEN
кәмелетке толған, бой түзеген, есейген қыз. Халық түсінігінде бойжеткен бейнесі жастық пен әдеміліктің, сұлулық пен әдептіліктің символы болып қалыптасқан. Дәстүрлі ортада он үш жасқа толған қыз бойжеткен саналады, оның шекелік, сырға, алқа, өңірше сияқты әшекейлер тағынып, сәнді киінуіне, жалаңбас жүруден гөрі тақия немесе бөрік киіп жүруіне назар аудара бастайды. Осы аталған ерекшеліктер қыздың жыныстық тұрғыдан жетіле бастағанын білдіріп, балалық шақтан бойжету кезеңіне өтудегі жас ерекшелігін, әлеуметтік деңгейін айғақтайтын белгі ретінде қызмет етеді. Атастырылып немесе қалыңдық болған кезінде білезік, жүзік, сақина, шашқа шолпы сынды әшекейлер қосылады. Мұндай әшекейлер отбасын құрған алғашқы жылдарда ғана тағылып, кейін сіңлілері мен қайын сіңлілеріне сыйға тартылады немесе өз қызына деп сақталады. Қазақ ұғымында бойжеткен уыздай тәтті еркелігімен, назды қылығымен ерекшеленіп, өз абыройын, намысын берік қорғайтын, инабатты, биязы ару болу керек. Қыз баланың бойжетуін үлкен бақыт санап, оның ерікті болуын қалаған. Елі, рулы қауымы жат жұрттық саналатын қызды оң жаққа төрге отырғызып еркелеткен, «Қызға қырық үйден тыю» жасап, намысын қорғап, арының аяқасты болмауын қадағалаған. Жеңгелері бойжеткенге «еркежан», «сырғалым», «күлімкөзім», «ақмаңдайлым» деп ат қойып, қашан «жат жұрттық» болғанша аялап өсіруді міндетіне алған. Б.-ге қойылатын қатаң талап ізетті болу, әсем киінумен ғана шектелмей, адам болмысын айқындайтын әкені күту, шешені сыйлау, ұлттық салт-дәстүрлерді түгел меңгеріп, өнерпаз әрі іскер болу т.б. талаптары жүктелген. Оған салт жырларын үйретіп, халықтық тәлімдік ұғымдардан мол түсінік алуын қамтамасыз еткен. Бойжеткен – отбасының ұйытқысы болатын болашақ асыл жар, ұрпақ тәрбиелейтін ертеңгі ана. Сондықтан бойжеткен тәрбиесіне қатты көңіл бөліп, оның бойына өнегелі қасиеттерді дарытуды ұлттық парыз деп санаған. Бойжеткенді жұрты түгел мәпелеп өсіріп, жақсы тәрбиеге баулиды.