БОЙЖЕТКЕН ПСИХОЛОГИЯСЫ

lat: BOIJETKEN PsıhologıaSY

қазақ ұғымында 15-16-ға келген бойжеткен ақыл-есі, дене бітімі, келбет-кескіні кемелденген, отау құруға жарап қалған қыз бала. Қай халықта болмасын қыз әдемілік пен әдептіліктің, сұлулықтың баламасы іспеттес. Халқымыз жайсаң мінезді, әдепті жігітті де «қыз мінезді жігіт екен» деп тегін айтпаған. Халық аузындағы «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей» деген тіркестер бойжеткенге тән психологияны (нәзіктік пен байсалдылықты, шеберлік пен ұқыптылықты, сұлулық пен сымбаттылықты, т.б.) аңғартып тұрған жоқ па? Кез-келген қазақ отбасы осынау ерекшелікті жақсы түсіне біліп, бойжеткен қызын алақанына салып, әлпештеумен бірге, оны ылғи да жібектей мінезімен, уыздай тәтті қылығымен, әдеп-ізеттілігімен, иман-инабаттылығымен, күміс күлкісімен көргісі келген. Оларды кішкентай кезінен көздің қарашығындай сақтап әлпештеп, мәпелеп, жаны мен арының таза, мінезінің өнегелі болуын қадағалап отырған, сонымен бірге «қызға қырық үйден тыйым» салу керектігін де ұмытпаған. Сұлулық пен сымбаттылықты , шеберлік пен нәзіктікті қажетсінетін үй ішілік еңбекке (кесте, өрнек, кілем тоқу, т.б.), көркем сөз, ән-күй, айтыс секілді түрлі өнерге баулуды бойжеткен тәрбиесінің басты міндеті деп білген. Халықтық дәстүр қыз бала тәрбиесінде ереже ұсынбайды, тек бағдар береді, өнеге көрсетіп, әдептілік жөн-жосығын нұсқайды. Ол негізінен қыздың мінезі мен құлқына кіріге өтілген адал мен арам, обал мен сауап деген төрт ұғым төңірегінде топтасады. Адам үшін ең қымбат түсінік те, жұмбақ түсінік те жанмен сезіну, ойлану, толгану, әсерлену, әрекеттену. Мұның алғы шартты бақылай білу, көре білу, кісінің ішкі сырын танып, ұғыну арқылы өзін-өзі түсініп, имандылық пен өнегені бойына сіңіріп, шама-шарқына қарай оны жүзеге асыра білу. Бүгінгі бойжеткен ертеңгі отбасы ұйтқысы, болашақтағы асыл жар, аяулы ана, ардақты, ақылман әже. Олай болса, халық танымындағы бойжеткенге қажетті сипат имандылық, инабаттылық, ізеттілік, әдептілік, ісмерлік, биязылық, мейірімділік әр бойжеткеннің асыл мұраты болса игі. Халқымыздың ұлттық дәстүріндегі бір ерекшелік тәлімдік ақыл-кеңесті жас ұрпақ санасына, әсіресе қыз балаға тұспалдап, астарлай жеткізу. Бұл салт ауылдық жерлерде күні бүгінге дейін сақталған. Мәселен, «Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деген бір ауыз сөздің өзінде-ақ тәрбиелік талаптілектерді бірден бетке айта салмай, көбінде оларды жанамалап жеткізгенін байқаймыз. Мұндай ақыл-кеңесті көп жағдайда қыздың анасы, не сырлас жеңгесі айтатын болған. Бұлар бірде талап-тілек, бірде ойланып-толғануға негіз болатын зілсіз ескертпе ретінде, яғни бойжеткеннің мінез-құлқы мен іс-әрекетіне лайықты «жақсы сөз жарым ырыс» дегендей, әдіс-тәсілдер арқылы құлаққа сіңетін. Қыз бала жастайынан үй ішілік, тұрмыс-тіршілікке (кесте тігу, ою-өрнек ою, киім тігу, құрт қайнату, шай құю, ет мүшелеу, оны сақтау, ас әзірлеу, үй ішін күту, т.б. осы іспеттес істерге) машықтанып, баулынған. Ұлан-ғайыр даланы мекендеген қазақ елінің қайсыбір аймақтарына тән жеке ерекшеліктері мен өзгешеліктеріне қарамастан, қыздарды адамгершілік мінез-құлыққа тәрбиелеудегі халықтың дәстүрі ортақ еді. Қыз тәрбиесінде халқымыз күш көрсету, қорқыту тәсілдерінен бойды аулақ ұстап, оларды мәпелеу, иландыру, сендіру әдістері арқылы үлгі-өнеге көрсетуге ерекше мән берген. Қыз бала 14-15 жасқа жетісімен-ақ бой түзей бастайды. Үсті-басын таза ұстап, сәнді киінуге, өзінің есейгенін сезіп, айналасындағыларға әдемі, сымбатты көрінуге тырысады. Әсіресе, шаш күтімі, бет, тіс күтімі сияқты кісіге ажар беретін косметикалық гигиеналық атрибуттарға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жерде ұлы Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым, шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын, кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін» деген бейнелі суреті қазіргі бойжеткендерімізге де арнап айтылғандай. Расында да, қыз баланың көркі алдымен білектей арқасына өрген бұрым, яғни шаш күтіміне байланысты болатыны хақ. Бойжеткеннің өңіне шашының қалыңдығы мен ұзындығы, өрген қос бұрымы қандай жарасымды десеңізші! Заңғар жазушымыз М.Әуезов «Абай» романында бейнелеген қазақ бойжеткендерінің келбет-көркі мен сымбатына еріксіз тамсанамыз емес пе? Сүйіндіктің қызы Тоғжан өз үйіне өзгеше көктем нұрын кіргізген жан. Мұхтарша айтсақ, Тоғжанның жүзі мағыналы нұрға малынып тұрғандай. Оның сылдыраған шолпысы, құлағындағы әшекей сырғасы, басындағы кәмшат бөркі, білек толған білезіктері, аппақ жүзі, қыр мұрны мен қарақаттай көзі, жаңа туған айдай қиылған жіп-жіңішке қасын ұлы жазушы «Тоғжан көрініп кеткенде сұлу ай жарқ етіп, қайта батқандай болды», деп суреттейді емес пе. Қыз баланың талғаммен киінуінің бір сыры өз тұрқының кейбір табиғи кемістігін жасырып, жақсы жағының бәрін айқын көрсете алатындай, яғни сән үлгісін өзіне бейімдей ала білуінде; ішкі, рухани мәдениеті төмен адамның дұрыс талғаммен әдемі киіне алуы да екіталай. Жас адамның, әсіресе қыз баланың бүкіл кескін-келбеті (отырыс-тұрысы, сөз саптауы, жұртпен қарым-қатынасы, т.б.) әсем де нәзік болуы тиіс. Тәрбие ғылымының тарланы А.С.Макаренко дұрыс жүру, тұру әдепті бола білу ұсақ-түйек емес деп тегін айтпаған. Жақсы мінезге қыз бала жастайынан үйренсе ғана, ол бойға қонымды болмақ. Мінез-құлық тәлімі туралы жазылған, жақсы ақыл-кеңестер беретін кітаптар да аз емес. Мүмкіндігінше, соларды тауып оқу әр бойжеткеннің парызы болмақ. Алайда, әдемі қылық пен жақсы тәлім жайлы қаншама кітап оқып шыққанмен ешкім өз-өзінен әдепті де, жақсы мінезді бола алмайтыны белгілі. Бұл арада есейіп, ер жеткенге дейін ата-ана тәрбиесі елеулі орын алса, ес кіріп, ой мен бой толысқан кезде адамның өзін-өзі ұдайы тәрбиелеуі, ауыздықтай тежеп отыруы аса маңызды. Сондықтан да, Сұлтанмахмұт Торайғыров «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен, «тағдыр қылды» деулерді шығарамын сөзімнен», деп тебіренді емес пе? Балаң жаста алғашқы махаббат оянады. Бұл рухани талаптан, асыл арман мен мұраттан туған асқақ сезім. Әдетте бойжеткен мен бозбаланың бір-біріне деген ыстық ықыласы бірігіп, сабаққа дайындалудан, киноға, сауық кешке, сырғанаққа бірге барудан, оңаша жерде бір-бірімен сырласудан, оқыған кітаптары, адамдардың жақсы, жаманды қасиеттері жайлы пікір алысуы арқылы өрбиді. Махаббатпен әрленген рухани қарымқатынас балаң жастың жанын бақытнұрға толтырып, шат-шадыман күйге бөлеп, биік мақсат-мұратқа жетелейді. «Махаббаттың мың түрлі құпиясы бар, жүрек оны жан шыққанша жасырар» дегендей, жас адамның осындай нәзік жан-күйін түсіне білген үлкендер (әке-шеше, аға-жеңге, т.б.) олардың арына тиіп, өздерінен алыстатып алмай, қайта ақылын айтып, тура жолға бағыттап отыруы үлкен адамгершіліктің белгісі болмақ. Қыз абыройы болашақ отбасының, босағаның беріктігіне қатысты мәселе. Қазақ халқы «Қыздың жолы жіңішке» деп, қыздың жаза баспауын қатаң қадағалап отырған. Әрине, бойжеткен абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, іске бейімділігіне, өнерпаздығына, білімдарлығына, сезім дүниесі жайлы ой-өресінің тереңдігіне байланысты екені хақ. Сондықтан да әрбір ата-ана өз қыздарының абыройлы болуына ерекше мән беріп, қадағалайды. Әсіресе қыз анасына көп нәрсе байланысты. Ал, анасын ардақтай білмеген қыз өз абыройын да сақтай білмейді. Өз намысын қорғаған қыз ожар, есер жігітке кіріптар болмайды, қайта есті жігітке ес қосады. Қыз абыройлы болу үшін оның мінез-құлқы ибалы, инабатты болуы керек. «Қыз қылығымен жағады» деген мақал содан қалған. Халық тал шыбықтай бұралып, өсіп келе жатқан балаң қыздың алдына келешекте кездесетін өмірлік міндеттер қойып, оларды орындап отыруды да қыз абыройы деп есептеген. Сөйтіп, қазақ ұғымында, жоғарыда айтып кеткеніміздей, бойжеткен парызы ізеттілік пен биязылық, жарасты киіну, әжесі мен атасын, шеше мен әкені барынша қадір тұтып, сый-құрмет көрсету, қабақ шытпай жүріп тұру, үлкеннің алдынан кесіп өтпеу, өсекаяңға жоламау, орынсыз дөрекі сөйлеп, шайпау болмау, ұрпақ тәрбиесінен хабардар болу, ұлттық салт-дәстүрді құрмет тұту, ана тілін ардақтау, жеңгесімен жанындай дос болу, үй шаруасына араласу (қой, сиыр сауа білу, арқан есіп, жіп иіріп, кілем тоқып, кесте тіге білу, ас-суды әзірлей алу, т.б.), яғни үй шаруасына қажетті дағды икемділіктерді жетік меңгерген бесаспап жан болып қалыптасу. Сондықтан да әрбір ата-ана үйде де, түзде де, қаршадайынан осынау қасиеттерді қыз баланың бойына дарытып отырулары қажет.