БОЯ

lat: BOIa

ет. 1. Бояу арқылы бір заттың түсін екінші түрге келтіру, бояу жағу.

Қаралығы денесінің қара түн,

Мойны жалт-жалт бояғандай сары алтын.

Екі құлаш жерді алады қаусырып,

Керегедей жайғанында қанатын (С.Мәуленов, Алыс кетіп.).

Күйдірген кірпіштің бірін қызылға, бірін жасылға, бірін сарыға бояп салдырған екі қатарлы үй тұр (С.Шарипов, Шығ.).

2. ауыс. Бір нәрсені бүркемелеу, жасыру, көлегейлеу.

Бала айтты: жаңа оқуың қандай ғылым,

Боямай білдіріңіз ашып сырын.

Ол айтты: жүре-жүре түсінерсің,

Тетігі тоқсан сөздің жалғыз түйін (О.Шипин, Екі дастан).

Расы жоқ сөзінің,

Ырысы жоқ өзінің,

Өңкей жалған мақтанмен,

Шынның бетін бояйды (Абай, Тол. жин.).

Ақылы кейбіреудің арт жағында,

Құбылтқан сыртын бояп сырменен тең.

Жігіттер, бұл сөзімнен ғибрат ал,

Бұл сөзім - көпке бірдей сынменен тең (Ә.Найманбаев, Шығ.).

3. ауыс. Гүлдендіру, жандандыру, жарқырату.

Жасаңдаршы,

Рахатқа тояйын,

Өмірімді өңшең жырмен бояйын.

Бер қолыма, Ғафураны кішкентай

- Өзімді-өзім иіскегендей болайын (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).