БОЛ

lat: BOL

ет. 1. Белгілі бір оқиғаның я құбылыстың іске асуы, өтуі.

Болған сұмдықты есіте сала атқа мінді (Ә.Тарази, Асу.).

Тойдың болғанынан боладысы қызық (Мақал-мәтел).

Орал оязының Шилі, Қарашығанақ болыстарына қараған жерлерінде жаздай жаңбыр болды («Айқап»).

2. Нақтылы бір амал-әрекетті аяқтау, бітіру, тындыру.

Қанабек Щербаковтың сөзін қазақшалап болысымен, кемпір Щербаковты жетелей қабырғаға жақындай түсті (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).

Бітік көз сары арам ниетін болдыға айналдырып, өз өтірігіне өзі рақаттанып тұр (Т.Ахтанов, Дала сыры).

3. Бірге отыру, қатысып көру.

- Жоқ, енді осында болсақ екен! - деп, ұстаның қатыны болмады (С.Сейфуллин, Шығ.).

Бүгін күні бойы, түні бойы көз ілместен сенің қасыңда болам (М.Дүзенов, Әке.).

Мен бұл жерде болып көргенім жоқ. Бірақ Көксеңгір туралы қарттармен көп әңгімелестім (Т.Дәуренбеков, Біз. кездес.).

4. Мақсатқа жету, жетісу, толықсу.

Өзі болған жігіттен сұрама, кім деп ата- анаң (Дастандар).

- Болдым, толдым, енді абырой-атақтың керегі жоқ дейді екенсің ғой, - деді Нұрекең баласына (Ә.Әбішев, Замана.).

Ай толғанын білмесе,

Жігіт болғанын білмес (Мақал-мәтел).

Өзі болған қыз төркінін танымас (Мақал-мәтел).

5. Есім сөздермен тіркесіп, бір күйден екінші күйге ауысуды, өтуді білдіреді.

Бала болдың, жас болдың,

Жалғандыққа ермедің;

Төре болдың, бас болдың,

Көкірегіңді кермедің (Абай, Тол. жин.).

Әуелі керек нәрсе білім деген,

Білімсіз ілтипатқа ілінбеген...

Бесінші - заманыңда күл де ойна,

Бір күні шал боларсың дірілдеген (Халық өлеңд.).

Келін болам деп, қымсынып жүрген Айбарша жоқ (С.Мұқанов, Шығ.).

Тек епті бол. Мен епті едім ғой (Ғ.Мұстафин, Шығанақ).

6. Есім сөздермен тіркесіп, бар, бар екен, бар еді дегенді білдіреді.

Ертеде Жақай деген кедей шал болады. Оның Ердос деген баласы бар екен (М.Етекбаев, Алтын.).

Әзімбай дегеннің алты ұлы, бір қызы болады (Қ.Жұмалиев, Қаз. эпосы.).

Ыбырай үйінде толып жатқан шаруасы бола тұра, батырдың тілегін орындауға тура келеді (М.Жұмағұлов, Қыран.). Бүкіл Қарағандыда екі-үш құдық болатын (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).

7. Есім сөздермен тіркесіп, еді, екен мағынасында қолданылады.

Оқымаймын енді одан,

Домбыраны қолға алам.

Өлең кірген түсіне

Жөргегінде мен болам (Жамбыл, Шығ.).

Қаланың ылди жақ шеті ұзақ болатын (М.Әуезов, Шығ. жин.).

Сол іздеген, күткен жігіті - Төлеген болады (Қ.Жұмалиев, Қаз. эпосы).

8. Бұйрық райдың үшінші жағындағы және -уға тұлғалы тұйық етістікпен тіркесіп мақұлдау, рұқсат ету, келісуді білдіреді.

Бекарыс дедің бе? Бекарыс, Бекарыс, несі бар, болсын Бекарыс, - деп, тебірене қайталады Тобық (З.Жәкенов, Таң самалы).

Үйлеріңе қайта беруге болады («Қазақст. мұғ.»).

Болсын, болсын. Мен қарсы емеспін, - деді Сағындық, аз-кем ойланып (Б.Майлин, Шығ.).

9. Болымсыз тұлғада тұрып, бой бермеу, мойындамау, көнбеу, келіспеуді білдіреді.

Сатан бұған да болмай қаладағы пәтеріне қайтып, орыс жолдастарына қош айтқысы келіп, ойысып болмады (І.Жансүгіров, Шығ.).

Қанша жылап налысаң,

Сонда да ерікке қоймайды,

Алғысы келсе, дүниенің,

Айтқаныңа болмайды (Абай, Тол. жин.).

Андрей бізді Жабай үйінің алдына әкеп түсірді де, үй иелерінің жалбарынғанына болмай, үйге кірместен, жүріп кетті (С.Мұқанов, Менің мектеп.).

10. Есім сөздермен тіркесіп бір нәрсенің ыңғайында қалуды білдіреді.

Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін (Абай, Тол. жин.).

«Ырыс баққан дау бақпас» деген мақалменен боламын деп ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момындарды аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды (Абай, Тол. жин.).

11. Жарайды, бітті, жетеді деген ұғымды білдіреді.

Енді Қоқыш Бақтығұлға жауап та айтқызбады. «Сөз бітті, болды, Бақтығүл аттанады», - деп, бір-ақ байлады (М.Әуезов, Қараш.).

-Болды, тоқтат, жаңылып қалдың, - деп, жігіттің одан әрі аузын аштырмады көпшілік (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).

12. Асықтыру, жылдамдату, тездетуді білдіреді.

- Әй, Шекер, бол, қимылда, басқа құдағиларды да шақыр, - деді Елпан орнынан бір қозғалып қойып (С.Мыңжасарова, Қыр қыз.).

- Әй, Күләнда, ағаларыңа сусын әкеліп бер! Бол тез, - деді Әбді (О.Сәрсенбаев, Таңбалы тас).