БОЛАТ

lat: BOLAT

дайындалу әдісіне сәйкес өзіндік ерекше құрылымымен, өзіндік өрнегімен, аса беріктігімен және иілгіштігімен ерекшеленетін шынықтырылған құрыш темiр. Асыл құрыштың атауы – болат.                                                                                                                                                                                                                                                                                                          Көне заманда болат таза темір руданы графитпен балқыту әдісі арқылы алынды, кейін таза темірді шойынмен бірге балқыту, қайнату жолымен алына бастады. Бұл алынған қоспаны ақырындап суыту процесі кезінде құрыштың табиғи кристаллизациялануы барысында болаттың өзіндік өрнегі қалыптасты да болаттың сапасы оның өрнегінің ерекшелігі бойынша анықталды. Болатты бағалағанда әдетте осы өрнектің формасы, ірілігі, металлдың түсі ескерілді.                                                                                                                                                Шығыста қару-жарақ өндіруде болаттың табиғи және жасанды түрлері қолданылған. Болаттың табиғи түріне үнділік болат жатады, Шығыста бұл болат түрі гынды/ гинду деп аталды, ал жасанды болат түріне құрамында көміртегінің әртүрлі қоспасы бар бірнеше болат таспаларды немесе сымдарды орап соғу арқылы алынатын «дамашық» болаты жатады. Шығыста осы болат түрін алғашқыөндірілген орны – Сириядағы Дамашық (Шам) қаласының атымен шам деп те атаған. Кейін дамашық болатты соғу көп елдерде игеріліп, ортағасырда суық қару түрлерін өндіруге қолданды. Ортағасырлық жазба деректерде Қазақстан территориясында кен қазылып, қару-жарақ жасалатын Болат деген қала аты кездеседі. Дамашық болаттың соғу барысында пайда болатын өзiне тән ерекше жалқынды өрнегiнің арабша «жауһар» аталуына сәйкес қазақтар өрнектi болатты «жауһарлы болат» деп атап, осындай асыл болаттан соғылған қылыш, семсерлерді «жауһардар» («жауһарлы» деген сөз) деп атаған. Өткендегі қазақ тұрмысында қару-жараққа байланысты ақ болат (қылыш, семсер), болат найза, болат семсер т.б., ал болат түрлеріне байланысты сом болат (тұтас, құйма болат), шар болат (сапасы жоғары болат) тәрізді атаулар қолданылған.                                              Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде болат ерекше қасиеттеріне байланысты асылдықтың, беріктіктің символына айналған. Болат ердің беріктігін, мойымас қайсарлығын, өткірлігін символдады. Осындай қасиеттерге ие болсын деген мақсатпен ырымдап қазақтарда әлі күнге дейін ер балаларға Болат, Ерболат (Болатжан, Болатбек, Болатхан т.с.с.) есімдер қойылады. Мифтік аңыздарда, фольклорда жер асты рухтарының дене мүшелері болаттан болып келеді делінеді.