1929 жылы Кеңестік күштеу саясатына қарсы Бостандық ауданында болған наразылық. Бостандық ол жылдары Қазақстанның Сырдария округінің ең шеткері және ең нашар кеңестендірілген ауданы еді. Ол үш республиканың Қазақстанның, Өзбекстанның және Қырғызстанның түйісетін тұсында орналасқан болатын. Ауданның кеңестік тәртіптерді қабылдауға онша құлықты болмауының бір себебі бұл төңіректе 1924 жылға дейін басмашылар үстемдік етіп келген, халық солардың тәртібімен жүрген еді. Астық даярлау, әр түрлі салықтар салу, паранжаға қарсы күрес науқанындағы жүгенсіздіктер елдің жүйкесін жұқартты. Астық дайындаудың шамадан тыс көп жоспарлануы ауданның Піскем, Нанай, ұзын тәрізді қыстақтарында айқын байқалды. Бейберекет жоспарлаудың салдарынан 300-дей қыстақ тұрғынының 90 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына келіп, аудандық партия комитетінің жоспарды қайта қарауын өтінді. Бірақ аудан басшылары жағдайға түсіністікпен қараудың орнына халыққа қоқан-лоққы көрсетті.