lat: BOTA
түйенің бір жасқа дейінгі төлі. Бота қазақ үшін нәзіктік пен сүйкімділіктің, сұлулық пен еркеліктің символы. Сондықтан да, өзге халықтарда кездеспейтін қазақтың ерекшелігі, қыз балаларын ботам, ақботам, боташым, ботақаным деп еркелетіп, қызына «Ботакөз», «Ақбота», «Ботажан» деп ат қояды. Қазақ даласында бота атына тіркесе келетін географиялық жер атаулары да көп кездеседі. Мысалы, бота мойнына ұқсас иіле келген шоқы арасын ботамойын деп атайды. Мал баққан қазақтың тілдік қорында малға байланысты ұғым-атаулар мол. Қазақ ботақан деп бір-екі айлық, отықпаған күніне дейінгі ботаны айтады. Ал ботаның шыққан нәсіліне, өркешінің түріне байланысты атаулар да өзіндік ерекшеліктермен бір топты құрайды. Айыр бота – айыр түйелердің қос өркешті ботасы; аруана бота – аруана мен үлектің арасынан туған жалғыз өркешті бота; бөдене бота – дене бітімі әдеттегіден кіші, көбінесе азғын будандардан туған бота; будан бота – жалғыз өркеш және қос өркеш түйелердің шағылсуынан туған бота; жарбай бота – ұрғашы және еркек біртуманың өзара шағылысуынан туған бота; жалпылдақ бота – ерте туған бота; көйін бота – тықыр, көбінесе қоңыр қара бұйра жүнді, тым аласа, сидаң аяқ, имек мойын, тұтас өркешті, тоқпақ бас, жатса өте ұзақ жататын, тұрса кезбе мінезі бар, үлек пен кердері маядан туған бота; қоспақ бота – нар мая мен таза нәсілді бураның шағылысуынан туған бота; нар бота – аруана мен бура, айыр інген мен үлектің шағылсуынан туған бірінші будан. Ботаның түрліше күйі мен сыр-сипатына байланысты айтылатын атаулар келесі бір топқа жіктеледі. Ақ кемік бота – уызына жарыған, ене сүтіне тойынып, сүйегі беки бастаған қоңы жақсы жас бота; арамза бота – түйешінемесе түйе иесі күтпеген жағдайда туған бота; кенже бота – мерзімінен кеш туған, әрі жетім қалған бота; көкбақа бота – ыстықтан, шөлден жапа шеккен, сүтке де жарымаған, күтімі, бағымы болмай, жүні де мезгілсіз түскен бота; қыдыра бота – жүні күдірейіп, ұйысыңқырап тұратын, бағым-күтімі шамалы, жасы келгенмен сүйегі жетілмеген, мезгілсіз туған бота; тел жетім бота – енесі өлген немесе енесі емізбей суалып кеткендіктен өзге боталы немесе ботасы өлген түйеге теліген бота; қызылшақа бота – түрліше себептермен мезгілінен бұрын туған, жұмыртқадан шыққан балапандай жүнсіз немесе өте тықыр жүнді болып туған бота; қара кемік бота – бес-алты ай болған, өздігінен жайыла бастаған, отыққан бота. Ботаға қатысты бұдан өзге де атаулар, жергілікті айтылымдар көп-ақ. Дәстүрлі ортада түйеге, соның ішінде ботаға қатысты қалыптасқан ырым-тыйымдар қазіргі кезге дейін ішінара сақталып келеді. Қазақтар егіз ботаны дүниетанымдық түсінік бойынша жамандықтың немесе жақсылықтың нышаны деп, туған бойда біреуін бауыздап тастаған немесе біреуге сыйға тартқан. Бота туған соң-ақ өзге адамның көзіне түсірмей, үйге шымылдық не ши құрып, ішінде ұстайды. Түйесі боталағандар үй сыртына қызыл шүберек байлап қояды. Ботаның жүрегі жарылып кетеді деп үй жанына жақын жүрген адамдарға қатты дауыс көтертпеген. Келген қонақтың атын да бота тұрған тұстың сыртынан байлатпаған. Бота өте сүйкімді және нәзік болғандықтан, мойнына ақ тұмар байлап, бір айдай көзге түсірмей ұстаған. Тұмардың негізін үш бұрышты етіп қиып, ішіне «тіл-көзім тасқа тисін» деп қағазға жазу жазып салып, бетінтүрлі маталармен оюлап жасаған. Егер бота өзге адамның көзіне түскен жағдайда, оған «тіл-көзім тасқа тисін» деп ұшықтатып, отқа тұз салған. «Көз тиеді» деп, ұғыммен ноқтасына, төбесіне үкінің қауырсынын тағып сәндеген.