БОТАЙ

lat: BOTAI

Ғасырларға созылған көне тарихты қойнына алып жатқан Айыртауда бүкіл əлемнің назары ауған «Ботай мəдениеті» деген атпен жер шарына танымал жер бар. Ол Иман Борлық өзенінің жағасында орналасқан. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Никольское ауылынан оңтүстік-шығысында Ботай қоныстарына байланысты аталған. Ботай мəдениеті Жайық-Ертіс өзендері аралығының далалық энеолитін сипаттайды жəне мерзімі б.з.б. ІІІ–ІІ мыңжылдықтармен белгіленеді, яғни энеолит дəуірінде мекендеген тайпалар мəдениеті ретінде танылды. «Ботай мəдениетін» əлемдік аренаға алып шыққан ғалым В. Зайберт болды. Ол мұражайда жатқан экспонаттардың жасалу əдістерін зерделеп, Ботайға арнайы экспедиция ұйымдастырып қазба жұмыстарын жүргізді. Ізденістері нəтижесінде 150-ден аса елді мекеннен, жүз жиырма мыңға жетеқабыл заттар тапты. Ең басты тапқан олжасы – жылқы малының сүйектері еді. Олардың саны 70 мыңнан асты. Ботайды ежелгі адамдардың мекені екенін дəлелдеді де, «Ботай мəдениетіне» төрткүл дүниенің назарын аудартты. Түбегейлі зерттеулер арқылы «Ботай мəдениеті» – еліміздегі ең ежелгі мекеннің бірі жəне бірегейі екені анықталды. Біздің дəуірімізге дейінгі елу үш ғасырдың асыл қазынасы ретінде дала өркениетінің бастау алған тұсы дəл осы жерде болғаны ғылыми тұжырымдалды. Өндірістік құрылыстарда ежелгі адамдар тас, ағаш, аңдардың сүйегі мен терісін өңдеп, киім тіккен, қыш ыдыстар дайындаған. Тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза ұштықтарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқын көрсетеді. Сонымен қатар жылқының сүйегінен ағашты өңдейтін қашауғыш, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелер, жуалдыз, тескіштер, тұмар мен əшекей бұйымдарының кездесуі шаруашылықтың əр саласынан хабар береді. Жерлеу ғұрпымен бірқатар символдық заттар тотемизмнің бабаларға табынуын көрсетеді. Ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таң қалдырған. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар шақырылды. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді. Нəтижесінде анықталғаны – Ботай аттары бұрынғыда белгілі жылқылар түріне жатпайтын боп шықты. Ботай аттарының сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан ботай аттары қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Алғаш жылқы малын қолға үйреткен мекен деген қорытынды жасалды. Олар далада жүрген жабайы жануар емес. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған. Күні бүгінге дейін жылқылар қолға кеш үйретілген деген пікірлерді қате екені анықталды. Қоныстың материалдарымен əлемнің барлық ғылымдары қызыға бастады. Ботай жылқысын зерттеп білуге Солтүстік Қазақстан облысына Новосібір, Мəскеу, Англия, Германия ғалымдары келді. Көптеген ғалымдар ортақ пікірге тоқтады, яғни Ботай қонысы Еуразия даласында мал шаруашылығы орталығы болған. Осыдан кейін-ақ 1998 жылы «Ботай мəдениеті» тарихи ескерткіш ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне еніп, еліміздегі жоғары, орта мектептердің оқулықтарына кіргізілді. Бұл мəдениеттің жер қойнынан аршылуы біздің елдің тарихын елу ғасырға кері шегіндіріп, одан ары тереңдете түсті. Қазақстан егемендік алғаннан соң, «Ботай мəдениетіне» зерттеулер күшейді. Бұл тек біздің ғалымдарымызды емес, шетелдік археологтар мен тарихшыларды қызықтыра түсті. Ал Кембридж университетінің оқытушысы, профессор Маршал Левине Айыртауға келіп, ғылыми экспедиция жасады. «Бүгінгі дəуірдің ғалымдары дүниежүзілік тарихтың сан мың сұрағының жауабын дəл осы «Ботай мəдениетінен» тауып отыр», – деп бағалады АҚШ-тың атақты оқымыстысы Д. Энтони. «Ботай мəдениетінің» ашылмаған құпиялары да бар. Əлі де ежелгі тайпаның адамдарды қалай жерлегені анықталмаған. Бірнеше ежелгі адамдардың қалдықтары табылып, археологтарға жаңа жұмбақтар тап болды. Əсіресе, кейбір адамның бас қаңқасы қызығушылық туғызды. Бас сүйектің желке тұсында екі тесік 14–16 жасында жасалған, кейін бұл адам 20–25 жыл өмір сүрген. Тесіктер адам миына зақым келтірмеген. Сонда тас пышақпен жасалған хирургиялық операция болған деген жорамал да пайда болды. Ежелде адам анатомиясын біліп, күрделі операция жасауға қолы барған. Ғалымдар бұны жасаған қатардағы адам емес, шаман, əулие, абыз екен деген пікірге саяды. Адам басындағы тесіктер қатты ауруға душар қылып, сандыраққа ұшыратқан. Ежелгі адамдар мұны аруақпен тілдесіп, табиғаттың керемет күшімен байланысқа түсті деп түсінген. Адам о дүниелік болғанда, саздан маска жасаған. Өлік тұрғынжайдың кіреберісінде жерленген. Бұл рəсім аруақ отбасын қорғайды деген түсініктен шығуы да мүмкін. «Ботай мəдениеті» – əлемдік тарихқа өзгертулер енгізген орын. Ол бүгінгі күні Қазақстанның киелі 100 нысандарының қатарынан табылып отыр. Ботай жерінде бір кездері ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру, мұражайын ашу, баба басына арнайы ескерткіш тақтасын қою, тек қана қазақстандықтар тамашалайтын емес, əлем халқы келіп көретін туристік орталыққа айналдырып, еліміздің тарихын саяхатшыларға ашып көрсету жұмыстары қолға алынуда.