lat: BOZ
ақшыл, қылаң түс. Ақшыл көк түсті малды боз, ақбоз деп, шұбар араласса бозшұбар деп атайды. Сондай-ақ шымқай бозды шаңқанбоз деп, қылында басқа түстер реңкі болса, қылаңбоз деп айтады. Боз немесе қылаңға қарама-қарсы ұғым баран деп аталады. Боз, қылаң реңді мал баранға қарағанда біршама жоғары бағаланады. Байырғы ортада қонаққа сойылатын, құрбандыққа шалынатын, құдайы ретінде садақаға (бозқасқа) берілетін малдың ақ, қылаң түсті болуын ескерген. Яғни мұндай түс киелі рәміздің белгісі ретінде әспеттелген. Табиғатта мал түгінің түсі жасы мен жыл мезгіліне, сонымен бірге күйіне (арық, семіздігіне) байланысты өзгеріп тұрады. Мәселен, бурыл, шұбар, қаракөк түсті жылқы қартайғанда бозға айналады. Алайда жылқының жас кезіндегі Тайбурыл, Байшұбар және т.б. есімі сол қалпында қалады. Шау тартқан шағында Кемпірбай ақын Боз шапса, боз озбай ма бурылдан, мен шапсам жер танабы қуырылған... деп, Әсетке өзінің мәртебесі жоғары екендігін білдіріп, дәстүрлі түсінік бойынша бурылдан боздың қасиеті мен құрметі басым екендігін әйгілейді. Дәстүрлі ортада шешен, өмірде көргені мен түйгені мол саңлақ адамдарды кәрібоздеп әспеттейді. Көне наным-сенімге негізделген дәстүрлі түсінік бойынша ақ өң – арғы әлем мен бергі әлемді жалғастырушы, дәнекерші түс боп табылады.