БОЗБАЛА

lat: BOZBALA

зат. Он үш пен кәмелет жасы аралығындағы жас жігіт, жасөспірім, жеткіншек.

Батыры көксер бас аман;

Бәйбіше - тантық, бай - сараң;

Бозбаласы - бошалаң;

Қырсыға туды қыз балаң;

Нары - жалқау, кер табан;

Құсы - күйшіл, ат - шабан (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

- Ал, бозбалалар! Сендер де айтыңдар! Қыз екеш қыз да айтып келеді, - деп кеу-кеулеген соң Мұсатай, Әйтікен сияқты бозбалалар да керіліп, ырғалаңдай, көзін ашып-жұмып, айғайды салып, бүгінгі кешті ойын-сауық қылып жіберді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Жаз шықса, құрт-құмырсқа жыбырласып,

Тірілер өлген дене қимылдасып.

Қарулы, өзі жылпың бозбалалар

Ел көшсе, жүк артысар қом қомдасып (Ә.Найманбаев, Шығ.).

// Жігіт-желең, үйленбеген жас.

Балалық шағында да ол сандық тас үстінде ойнап, қой жайып жүріп өткізген бозбала шағында да, осының үстіне келіп отырып ойға бататын еді (К.Сегізбаев, Ашыл. сыр.).