БҰЛАҚ

lat: BULAQ

бастау, тұма, қайнар сулары мен еріген қар сулары жылғаларының бір арнаға қосылып ағуынан пайда болған ағынды табиғи су көзі. Бұлақтар бір-біріне құйылып, үлкенді-кішілі өзенге айналады. Бұлақ таулы қыратты жерлерде жиі кездеседі. Жер астынан шығып жатқан су көзін бастау деп атайды. Ал көктемде жерасты суының көтерілуінен пайда болып, құрғақ, ылғалсыз жазда тартылып қалатын арынсыз табиғи су көзі тұма деп аталады. Арынды су көзі қайнар артезиан (арынды деген сөз) суынан бастау алып, сай, жылғада, тау-тастардың терең жарығынан шығады. Мұндай су көзі тұмаға қарағанда тұрақты болады. Биік тау басындағы мұзарттың, қардың еруінен пайда болған су көлемі де аз болмайды. Бұлақ суы бастаудың тереңдігіне, жер қыртысындағы табиғи ерекшелігіне байланысты. Кейбір өңірлерде сөне қоймаған вулканы бар жерден ыстық бұлақ ағады, оны ыстық су, арасан деп атайды.     Бұлақ суын тазалықтың белгісі, шипалы дәру ретінде жоғары бағаланды.