БҰЛТЫЛДА

lat: BULTYLDA

ет. 1. Бұлшық еттің бұлт- бұлт етуі.

Бұлшық еттер денеде,

Бұлтылдап күшпен ойнаған.

Сіңір дене құрыштай,

Жұмыспен қызып қайнаған .Сейфуллин, Шығ.).

2. Екі ұрты біресе томпайып, біресе ішке қайтуы.

Ол жағы бұлтылдап , түннен қалған суық етті жайғап отыр.Досжанов, Зауал).

Бұқа мойынның қабағы тыржиды. Бұлтылдаған ұрты кенет семе бастаған секілденеді (Б.Майлин, Шығ.).

3. ауыс. Бұлтыңдау, ойнақтау, ойнақшу .

Ат, айғырлар, биелер,

Бүйірі шығып ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

Құйрығымен шылпылдап,

Арасында құлын-тай,

Айнала шауып бұлтылдап (Абай, Тол. жин.).

Сұркөжегім, алдымда бұлтылдай бұғып сен тұрған соң құдимасқа бола ма?...Хұсайынов, Үкілі Ыбырай).

4. Бұлт- бұлт етіп тұра алмау, ойнақшу, қозғалақтау .

Табанын жерге тигізбей басынан асыра көтеріп алған күйі, су бетінде бұлтылдап, толқып тұрған қайықтың басына апарды.Нұрпейісов, Ымырт).

Қиылып біткен екі қас, Көз алдында бұлтылда! (Айтыс).

5. Біресе анда, біресе мұнда алмасу .

Әкеміздің шаруасы тайға артқан қоржындай бұлтылдап кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес.Мүсірепов, Белдерде).

6. ауыс.жағымсыз. Қылмыңдау, жылпылдау.

Жағасың күлкімен жүріп,

Шығасың ішіне кіріп,

Аласың аузынан жырып,

Бұлтылда, жылпылда, әйда!.Құдайбердиев, Шығ.).