БҰРАЛҚЫ

lat: BURALQY

сын. 1. Қаңғыған, иесіз қалған (ит).

Бұралқы ит тімсініп жүріп, көп ұяластың ортасына түсіп қалғанда таланарын біліп, құйрығын қысып алғанмен, тісі барын да көрсетеді (Ғ.Мүсірепов, Оянған өлке).

«Бұралқы ит үргенімен жағады» деп, өмір бойы итшілеп, жағымпазданумен күн кешеді (Қ.Жұмаділов, Соңғы көш).

2. Аш-арық (мал).

Ауыл малы бұралқы,  Ақылы жоқ жаманға (А.Байтұрсынов, Шығ.).

// Сырттан келген бұратана адам, кірме.

Саудагер қашты бұл елден,

Несиесін жия алмай;

Бұралқылар сандалды

Жуандарға сыя алмай (Абай, Тол. жин.).

Бұл бұрын орыстың поптарының христиан дінін үйрететін бастауыш мектебінде оқуын бітіре алмаған. Өзінің өмірінің ішінде екі рет дінін айырбастап, иә орыс, иә қазақ бола алмай жүретін бұралқы еді (М.Дулатов, Шығ.).