lat: BURSHAQ
жүн немесе қылдан есілген, көген бойында бір-бірінен екі-үш қарыстай алшақ түсетін, төл байлайтын (көбінесе, қозы мен лақ) бекітпе ілмекшелер, түйнекті жіп. Кешкі мезгілде қой сауынынан кейін қозы жамыратылады, біраз уақыт енесімен бірге жайылған соң жатар алдында қозылар көгенделеді. Бұршақ қой сауғанда, қозы қырыққанда пайдаланылады. Бұршақтың бір жағы тұйық болса, екінші басында тобыршық тәрізді түйіні болады. Ұзындығы екеуін қосқанда екі қарыстай, яғни қозы-лақтың мойнын айналдыра қабуға жетерлік болады. Кей кезде жеке-жеке дайындап алып, көген желісіне қондырылады. Көгеннің бұршағы жас төлге қатысты қолданылатын бұйым ғана емес, өркендеу идеясына қатысты магиялық сипаты бар ғұрыптық мәнді де зат. Жас жұбайларға бағытталып, отауда атқарылатын ғұрыптарда берілетін бата мәтіндерінде «Көгендерің бұршақты болсын, көген көздерің оншақты болсын» деген сияқты жолдар жиі кездеседі.