БҰРЫНҒЫДАЙ

lat: BURYNǴYDAI

сын. 1. Ертерек кездегідей, баяғыдай.

Жасыл шөп, бөйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш, қурай (Абай, Тол. жин.).

Бұл жерге құдай айдап келдім-дағы,

Болмайды бұрынғыдай елдің сөні.

Көнбей сөнемін деп шалқаңдама,

Болғанда сіз - Қарба, біз бір - хажы (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Мен жүрдім бірнеше күн есім ауып,

Болмады бұрынғыдай ойын-сауық.

Жарылып жүрек қабы қалыпты деп,

Бірталай олжа тапты молда, тауіп. (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

2. Сол ілгерідегідей, әуелдегідей.

Бұрынғыдай жайлы емес шабысы да,

Бұрынғыдай майда емес дауысы да,

Сөздері де тосындау... түйдек-түйдек,

Тиді ме екен бірдеңе намысына... (С.Жиенбаев, Алтын қалам).

Елу де бір жас екен есептеулі,

Есептеп елдің жөнін білсек дейді,

Кешегі жиырма бес жас қайтып келіп,

Көңілім бұрынғыдай жүрсек дейді (Шал ақын. Өлеңд.).

Бұрынғыдай емес тек бүгінгі ұран:

«Өз суыңды өзің іш құдығыңнан»(Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).