БҰҰ-ның басты органдарының бірі. БҰҰ-на мүше-мемлекеттердің барлығы тең құқықты түрде Бас Ассамблеяны құрайды. Мүшелерінің әрқайсысы бір дауыс қана иеленіп, делегаттар мәжіліс залына мемлекеттердің ағылшын тіліндегі ресми атауына орай алфавиттік ретпен жайғасады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау ісіндегі ынтымақтастықтың ортақ қағидаларын талқылауға, сондай-ақ бүкіл мәселе бойынша мүдделі мемлекеттерге және Қауіпсіздік Кеңесіне нақтылы ұсыныстар жасауға өкілетті. Бас Ассамблеяның негізгі жеті комитетінің мынадай міндеттері бар: 1) саяси мәселелермен және қарусыздануды қоса алғанда қауіпсіздік мәселелерімен; арнаулы саяси комитет Бірінші комитетке қатысты мәселелермен; 2) экономикалық және қаржы мәселелерімен; 3) әлеуметтік-гуманитарлық және мәдени мәселелермен; 4) қамқорлық және өзін-өзі басқара алмайтын аумақтарға жәрдемдесу мәселелерімен; 5) әкімшілік және оның қаржы мәселелерімен; 6) құқықтық мәселелерімен айналысады. Сонымен қатар, Ассамблеяның үш жылға тұрақты сайланатын әкімшілік, қаржы мәселелері жөніндегі Кеңесші және Жарналар жөніндегі комитеті бар. Бас Ассамблея өзінің қызметтік міндетін толық жүзеге асыруға ықпал ете алатын басқа да қосымша органдарды құру мүмкіндігіне ие.