БҰҰ-ның ақпараттық мекемесі. Бас Ассамблеяның 1946 ж. жазғы сессиясында құрылған. Мақсаты әлем халықтарын БҰҰ-ның қызметі және ұйымдық мәселелері туралы толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ету. Штаб-пәтері Нью-Йоркте. Департамент БҰҰ-на мүше мемлекеттердің 80-нен астам қаласында өз бөлімшелерін ашқан. Олар БҰҰ-ның қызметін халыққа танытумен қатар, жергілікті тұрғындардың назарын әлемдік мәселелерге аударумен айналысады. 1993 ж. қаңтарда департамент өз бөлімшесін Қазақстанда да ашып, қоғам өмірімен, үкіметтік емес ұйымдар өкілерімен, оқу мекемелерімен, іскер топтармен және бұқаралық ақпарат орталықтарымен байланыс орнатты. Ол республикадағы мерзімді басылымдарға ұйым қызметі туралы хабарламалық бағдарламалар жасауға көмектеседі, БҰҰ-ның республикаға келген сарапшы мамандарымен, ресми тұлғаларымен конференциялар, кездесулер ұйымдастырады. Аталмыш құрылым Қазақстан жұртшылығының БҰҰ-ның қызметі жөніндегі ой-пікірлерін штаб-пәтерге хабарлап отырады және БҰҰ-ның ресми құжаттарының республикадағы бірден-бір дерек көзі болып табылады.