бата беру адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, адам өмірінде кездесетін басқа да ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер болып келеді. Бата қысылғанда қуат, қиналғанда медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық бата тілегі болады. Бата қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Батаның үш түрі бар: ақ бата, теріс бата және серттесу батасы. Ақ бата ойын-тойда, үлкен дастархан басында берілген. Ізгі ниеттен туған ақ батаның мәтіні ауыздан-ауызға жатталып, ұрпақ жадында сақталып, үнемі толықтырылып, дамып отырған. Бата бүгін де ел ішінде кең қолданыста. Ақ батаның нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы, жарапазан батасы, ас қайыру батасы сияқты түрлері көп. Ақ батаны жақсылыққа ғана құштар халқымыз қаншалықты жадында сақтап, жаңғыртса, теріс батаны жастардың құлағына жеткізбеуге тырысып, ұмытуға ұмтылған. Теріс бата елден ерек қылмыс жасаған, не салт-дәстүрді бұзған, ардан аттаған пенделерге аса сирек беріліп, оның мәтінін ел ішінде екінші рет қайталамаған. Ал, серттесу батасы құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысып орындалатын ғұрып. Қазақ батаны аса қасиетті, қастерлі жоралғы санап, батаны бұзу қарғысқа ұшырау деп түсінген. Осы күнгі бата отбасына амандық, молшылық, жастарға өмір, бақыт, білім тілеу мазмұнында болып келеді. Қазіргі кезде бата мен тілекті шатастырып жатады. Батаны жасы үлкен, сөзге шешен, сыйлы адамдар береді. Батаны халық арасында үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Ал, тілекті әрбір адам айта алады. Жиын-той болсын, қарапайым тұрмыс болсын, тілек айтыла береді.