қыртысасты ядролар, базальді ганглиялар. Омыртқалылардың бас миының ақ затының ішінде орналасқан сұр заттың жиынтығы. Олардың қызметі қимыл жəне сезім əрекеттерін үйлестіру. Базальді ядролар ми қыртысымен бірге соңғы мидың клеткалық заттарын түзеді. Құйрықты ядродан, қабықтан (жолақты денемен бірігеді), солғын шардан (қабық бұршақ тəрізді ядромен бірігеді), қоршаудан, миндаль тəрізді денеден тұрады. Балықтар мен қосмекенділерде тек солғын шар болады. Бауырмен жорғалаушыларда бірінші рет құйрықты ядро мен қабық пайда болады, əсіресе құстарда жақсы дамиды. Базальді ядро үлкен ми жарты шарлар қыртысының, ортаңғы, аралық мидың, мишықтың көптеген афферентті жəне эфферентті байланыстарымен сипатталады. Базальді ядро үшін тежеуші медиатор қызметін атқаратын дофаминнің, сонымен қатар ацетилхолиннің маңызы өте үлкен. Төменгі сатыдағы омыртқалыларда үлкен ми жарты шарларының қыртысы нашар дамығандақтан базальді ядро бас мидың негізгі үйлестіру қызметін атқарады, ал жоғары сатыдағы жануарларда еркін қозғалысты реттеуде маңызды рөл атқарады.