Болыс

lat: Bolys

қазақ даласын отарлау жүйесіндегі билік иесі. Болыс институты бастапқы кезде қазақтың дәстүрлі рулық жүйесіне сай аталық негізге құрылған. Болыс институты алғаш рет патша үкіметінің 1822 ж. «Сібір қазақтары туралы жарғысында» ресми түрде бекітіледі. Осы отарлау құжатына сәйкес орта жүз қазақтарының қоныстары алдымен ауылға, содан кейін болыстар мен округтерге бөлінген. Бір округтің құрамына 20-ға тарта болыстар енгізілген. 1868 ж. «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі уақытша ережеге» сәйкес болыстар облыс, уезд, ауыл сияқты әкімшілік бөліктермен бірге өзінің ресми мәртебесін сақтады. 1891 ж. «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ережеге» сәйкес болыстар әкімшілік-шаруашылық билігін сақтап қалды. Алаш қозғалысы тұсында қозғалыстың өрістеуіне болыстардың рөлі айтарлықтай болды. Мәселен, 1905 ж. «Қарқаралы құзырхатын» ұйымдастыруда болыстар айрықша еңбек сіңірді. Сондай-ақ осы жылы шілдедегі «Қарқаралы жеделхатына» 21 болыстың өкілдері қол қойған болатын. Тіпті, бұл құжатты болыстардың құзырхаты немесе жеделхаты деуге де боларлық. 1917 18 жж. «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі құрылғанда, Алаш автономиясы жарияланғанда осы мемлекеттік құрылымның жұмыс істеуіне көптеген болыстар өкілдері атсалысты. Айталық, Үржардағы алты болыс өкілдерінің мәжілісі, Қармақшыдағы сегіз болыс өкілдерінің съезі, Ырғыздағы болыстардың бас қосуы және т.б. Кеңес үкіметі өз шешімімен болыстарды жойып, жаңа әкімшілік бөліктерін құрды.