зат. 1. Рет, мәрте, қайтара. Бәйбіше бүгін екі д ү р к і н қонақ жөнелтіп, жаңа ғана жантайып еді, дабырлаған дауысқа жұмулы көзін ашып алды (Ғ.Мұстафин, Шығанақ). Ораз Қаңлыбаев республиканың он д ү р к і н чемпионы әрі халықаралық оннан аса жарысқа қатысып, жүлдегерлер санынан орын алған шебер конькиші («Спорт»). Екі жылда бір д ү р к і н боталайтын інгендердің тайлақтарын 18 айлығында ажыратады да, бір тәулік бойына азық бермей, қораға қамап қояды (И.Жұмағұлов, Түйе өсіру). 2. ә с к. Атыс жүргізу реті. Д ү р к і н бірыңғай команда (белгі) бойынша бір уақытта немесе қысқа уақыт аралығында бірнеше қарулардан, минаатарлардан, ракеталық және реактивтік ұшыру қондырғыларынан, торпедалық аппараттардан, басқа да атыс қаруларынан жүргізіледі ( Қаз. тілі термин. Әскери). Д ү р к і н атыс ұрыста нысаналарды жою, сондай-ақ мерекелі отшашу және әскери құрмет көрсету кезінде қолданылады (Қаз. тілі термин. Әскери.). 3. ә с к. Бір мерзімді атыс кезіндегі кеме, бөлім, құрамалардың барлық оқ-дәрі құралдарын немесе ату мүмкіндігін өлшейтін шартты бірлік.