ДУАЛ

lat: DÝAL

1. Балшық, саман, шым тәрізді заттардан салынған үйді, бақты айналдыра салынған қоршау. Бұл сөзі тұзақшының көңіліне ұнады. Торғайды бір дуалға қондырады, Алғашқы Бұл сөзіңді әбден ұқтым, Екінші сөзің қандай? - деп сұрады (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Аласа саман дуалмен қоршаған кішігірім бақтың іші бүгін мейрамдағыдай сәнді киінген халыққа сыймайды (С.Шаймерденов, Мінез). Айналасын қоршаған шым дуалы бар бөлек-бөлек үйлер қазір ігі-жігі білінбей тұтасып, үлкен бір қора-қорымға айналған (Ө.Қанахин, Дәмелі). Бір кезде бұл тас қақпа үлкен балшық дуалдан салынған көне қорғанның ауызы болғанға ұқсайды. Өйткені қақпаның айналасында ескі дуал іргелерінің ізі байқалады (С.Бегалин, Шоқан асу.). 2. Үйді айналдыра салган ағаш қоршау, қаша. Барушы ек үйді айналып, дуал асып, Есікті қыз тұрушы ед қуана ашып. Ентігіп сол қалпыңмен жүрсің бе әлде, Төсінде Алатаудың қуаласып (С.Асанов, Алматым.). Балайым мен Әскербек үйінің алдына келіп оқтасты. Биік тақтай дуал, екі бірдей есік (Ж.Молдағалиев, Ескі дос). 3. Зауыт-фабрикалар мен ғимараттарды, қоймаларды айналдыра қоршаған биік қамал. Завод биік тас дуалмен қоршалған да, батыс жағында шығыс үлгісімен салынған үлкен қақпасы бар (З.Шашкин, Доктор.). 4. қорғану, бекініс үшін салынған қалқа, құрылыс. Талай түнді көзбен атқызып, қар жамылып, мұз төсеніп жүрген кезіміз ғой, дуалға сүйене қалғып кетіппін (Б.Момышұлы, Офицер.). Қарашаңырақ аумағы ақ қыштан өрілген биік дуал, жарық бағандары. Астанаға қоныс аударып, жаңа қаланың негізгі нобай-нұсқасын кім жасайды деп бәйге жарияланған 98-жылдың қақақаған қысында күншығыс елінен келген сәулетші Кисе Курокавасанның сөзі құлағында қалыпты («Егемен Қазақстан»). 5. Ертеректе қаланы жаудан қорғау үшін қатты кесектен, иленетін балшық не шымнан тұрғызылатын биік, берік қоршау, бекіністі құрылыс. Ертедегі қалалар, қыстақтар, көбінесе, биік дуалдармен қоршалатын болған (ҚҰЭ). Император өз елінің мұншалық қорғансыздығын көріп, түсінен шошып ояныпты. Ояна салысымен бүкіл империяны қоршап тұратын, сыртқы жаулардан қорғап тұратын домбауыл дуал салдыруға пәрмен етіпті (С.Абдрахманов, Елдік сыны).