(dialectic) . Георг Гегель анализдің диалектикалық әдісін жасады. Классикалық грек диалектикасы нақты жағдайдан («Сократ – адам» деген сияқты) тұтас немесе әмбебап байламға («өлмейтін адам жоқ») ұласатын, содан кейін оларды синтетикалық пайымға біріктіретін («Сондықтан Сократтың да өлімі – ақиқат») дәлелдер түрінен құралатын. Тұжырым алдыңғы пайымдардың қажетті логикалық салдары болып келеді және олар бір-бірімен әмбебаптығымен де, өзіндік ерекшеліктерімен де үйлеседі. Гегель ақыл-ой да ақиқатты анықтау кезінде дәл солай жұмыс істейді деп ойлаған және ол әлеуметтік тарих пен материалдық әлем де логикаға сай деп түсінген. Философиялық ақиқат нақты әрі ерекше (Гегельше, «анықталған») пікірлерден басталады да, одан әрі бастапқы қарапайым сөйлемдерде айтылған жалпы немесе әмбебап идеялар бағытымен қозғалады. Соңында, логикалық эволюция процесі арқылы ерекше нақты алғышарттарды жалпы және әмбебап идеялармен біріктіріп, ақыл синтетикалық пайымға ұласады.
Мысалы, Гегельге дейін эмпириктер сезімдік қабылдаулар ақылға идея құрудың алғышартын жасайды деп есептеген. Олардың ойынша, ең әуелі сезім келген. Ал Иммануил Кант ақылдың жанама рационал категориялары оған сезімдік тәжірибені түсінуге көмектеседі деп қарсы шыққан. Бұл жерде ақыл бірінші тұр. Гегель екеуін біріктірді. Гегель «Рух феноменологиясын» сезім тәжірибесінен бастайды (біздің әлемді күнделікті қабылдау әдісіміз). Оның ойынша, сезімдік тәжірибе классикалық логикадағы нақты, ерекше пайымдауға ұқсайды. Бірақ осындай қарапайым бақылаулар сияқты оған бір нәрсе жетпей тұрады; жеке өзі толымды бола алмайды. Бұл олай еместігі (яғни оны жоққа шығаратын) жайлы әмбебап идеяның қажет екенін білдіреді. Ерекше және нақты болу үшін ол әмбебап және абстрактілі болмауы керек. Терістеу кез келген анықтамада, кез келген ерекше, нақты пайымдауда тұспалданады. Сөйтіп, әмбебаптық ақылмен қабылданған нақты, белгілі, ерекше қабылдау түрлерін бірегейлендіруші маңызды компонент болады. Қабылдау сезімі өз алдына толымды бола алмайды. Адамның когнитивті тәжірибеден жинап-тергені тек бұл ғана емес. Ондай жағдайда әмбебаптық адыра қалар еді. Бірақ әмбебаптықты саралап қарар болсақ, онда соған ұқсас терістеу пайда болады: әмбебаптық тым абстрактілі; оған нақтылық пен ерекшелік жетіспейді. Әділдік идеясы – оны қоғамда шынайы ететін нақты заңдар мен сотсыз бос әңгіме. Сондықтан, Гегельдің айтуынша, ақиқат пен білімнің мінсіз идеясы – әмбебап абстрактілі идея мен нақты, айқындалған, ерекше жағдайлардың бірігуі. Мысалы, әділдік шынайы ақиқаты абстрактілі, әмбебап идеялардан және идеалды әрекетке айналдыратын нақты, айқындалған, ерекше заңдар мен сот үкімдерінен құралады. Ол осы идеяларды мәдениетте, қоғамда, эстетикада, саясатта және адамзат тарихына қатысты қолдануды жалғастыра берді. Адамзат қоғамының түзілуі қарапайым, нақты логикалық пайымдардың эквивалентінен бастау алады. Бұл ас-ауқатпен және баспанамен байланысты. Бірақ дамуының шегіне қарай адамзат қоғамы өз конституциясына әмбебап идеяларды кіріктіруге қабілетті болады да, нақтылық пен әмбебаптықты үйлестіретін заңдарында үкімет және әділдік идеяларын дамытады, аталмыш заңдар адамзат қоғамының тіршілік етуіне мүмкіндік береді.
Карл Маркс диалектикалық әдісті капитализмге талдау жасау үшін пайдаланды. Ол капитализм де дәл сол логикалық қажеттілік пайымымен (қарапайым пайым түрлері міндетті түрде әмбебаптыққа ұласады дегенге басымдық берді) сипатталады деп есептеді. Жұмысшылар мен капиталистер бір-бірін жобалап айқындайтын логикалық пайымдау секілді (жұмысшы болу дегеніміз капиталист болу дегенді білдірмейді). Бірақ Маркс қарым-қатынастың логикалық пайымға сай дамитынын және соңында жұмысшылар жалдамалы еңбектің шектеуінен құтылып, байлық барынша тең әрі әділ бөлінетін жаңа әлеуметтік әмбебаптыққа жетуі үшін логикалық тұрғыда дамиды деп есептеді. Ол бұл идеалды «коммунизм» деп атады.