з а т е с і м. 1. Жан-жағы дөңестеу, жалпақ, дөңгелек зат. Зәбира граната, д и с к лақтырып, турникке шығуды жаратылысы нәзік қыз балаға жараспайтын нәрсе деп санайтын (Ф.Дінисламов, Көл жағасы.). Екі адамның құшағы әрең жетерлік нән бөренелерді нанша тілген, аумағы батырлардың қалқанындай дөңгелек д и с к көз ілестірмей ышқына зымырайды (Ө.Қанахин, Дәмелі). Бұл сеялкалардың дағдылы шүмектері жоқ, шүмектердің қызметін көлбеуінен қойылған д и с к і л е р атқарады («Лен. жас»). Мастерскойдағы токарьлық станокта қайрақ тасты орнату үшін екі д и с к жасау керек (Тракторист). 2. Ә с к е р и. Қол пулеметтің оқ тұратын бөлшегі. Егер басқа автоматчиктерде оқталған запас екі-үш д и с к болса, Төлегенде оның бес-алтауы болатын (М.Ғабдуллин, Ел намысы.). 3. а с т р. Күннің, Айдың Жерден қарағандағы беті. Планеталардың жыпылықтайтыны олардың беті (д и с к і с і) үлкен (Х.Әбішұлы, Халық астрон.). 4. и н ф о р м а т и к а л ы қ. Жазылған ақпаратты ұзақ уақыт есте сақтай алатын магниттік қабыршақпен қапталған дөңгелек пластина түріндегі дерек жинақтауыш құрылғы. Д и с к і н і ң дискі қозғалтқыш (дискіжетек) құрылғысы болады (ҚҰЭ). Қазіргі кездегі компьютер 16-32 Мбайт шамасында мәліметтер сақтай алатын жедел жадпен және көлемі үлкен (5-10 Гбайт) магниттік д и с к і л е р м е н, оған қоса магниттік таспалармен, лазерлік д и с к і л е р м е н жасақталады (Қаз. тілі термин. Информатика.). 5. а н о т о м и я л ы қ. Ағзадағы омыртқа жотасын ұстап тұратын омыртқа аралықтарында орналасқан мүше. Ұдайы осындай салмаққа шыдамай омыртқа бағанасының қисаюы пайда болады, содан омыртқааралық д и с к і л е р зақымданады («Егемен Қазақстан»). Қартайғанда омыртқа жотасы иілімдерін жоғалтады, омыртқааралық д и с к і л е р мен омыртқалардың жұқаруы және серпімділігін жоғалтудан омыртқа жотасы алға қарай иіліп, үлкен бір көкірек иілімін (қарттық бүкірлік) түзеді, бұл кезде омыртқа жотасының ұзындығы едәуір кемиді (Адам анатомиясы).