Дискі

lat: Dıski

з а т е с і м. с ө й л. Диск. 1. Жан-жағы дөңестеу, жалпақ, дөңгелек затЖабын үлпектің дәл орта деңгейі қалыңдап - д и с к і тәрізденіп кетеді, оны торус деп атайды (Т.Мұсақұлов, Өсімдік. анатом.). 2. Ә с к е р и. Қол пулеметтің оқ тұратын бөлшегі. Ой, сондағы пулеметімнің айызымды қандырғаны-ай. Бес жарым д и с к і жұмсадым, сонда не қызып, не қақалуды білмеді (Т.Ыдырысов, Жалын.). Біздің автоматтың д и с к і с і н е темір қобдишасына 71 оқ сыяды (Ә.Шәріпов, Біз панфилошылармыз). 3. А с т р. Күннің, Айдың жерден қарағандағы беті. Күннің көрінерлік д и с к і с і центрінің екі жоғарғы кульминациясы арасындағы уақыт аралығы шын күн тәулігі деп аталады (Астрономия). 4. т е х н и к а л ы қ. Мәшиненің жалпақ, дөңгелек формалы бөлшегі. Муфтаның фрикционды гидравликалық және құрамды түрлері бар. Фрикционды муфтаның қарапайым түрі бір-біріне серіппе арқылы қапсырылып қысылған жетекші және жетектегі қос д и с к і д е н тұрады (ҚСЭ). Машина цилиндрінің ортасындағы айналып тұратын вертикальды білекке үш қалақша, екі қанатша мен жуу д и с к і с і орнатылды (С.Тілеубергенов, Мал шаруаш.).