lat: DAÝ
қазақы ортада руаралық немесе тайпааралық егестерді және осының өршіген түрі – сан алуан тартыстарды білдіретін ұғым. Сондай-ақ дауға ерекше өршігіп ру-қауым деңгейіне жеткен тұлғааралық дау-дамай да жатқызылады. «Жеті жарғы» заңдар жинағында көрсетілгендей дауды шешу билер мен ақсақалдарға жүктелген. Ертеде қазақы ортада даугерлер ел арасындағы құрметті, қадірменді ақсақалдарға жүгініп, дауларын халықтың жөнжоралғысымен қарап, билік айтуын сұраған. Олардың билігіне разы болмаса, онда даудың әділ шешімін табу үшін халықтың әдет-ғұрыптық заңдарын жақсы білетін, елге танымал биге барып шағымданған. Қазақтың тұрмысында, әлеуметтік өмірінде үлкен даужанжал көбінесе жерге, жесірге, малға, құнға қатысты болған. Жер дауы – жайылымдық және шабындық жерлерге қатысты руаралық немесе жеке адамдар арасындағы дау. Жесір дауы – отбасылық-некелік салттың бұзылуына қатысты дау. Құн дауы – кісі өліміне байланысты, мал дауы – дүние-мүлікке қатысты дау. Дауласушылардың, куәгерлердің қатысуымен өтетін дәстүрлі билер жиынында, негізінен, байырғы ортаның дау мұраты – бітім қағидасы бойынша, екі тарапты татуластыру, бәтуалы бітімге шақыру мақсаты көзделген, яғни қазақ қоғамындағы құқықтық мәдениеттің негізгі принципі басшылыққа алынған. Онда дауласушы жақтардың сөз ұстаған билері шығып, қамшы тастап, өздерінің дәлелдерін дәйекті түрде жеткізіп отырған. Дауда шешендік, тапқырлық, қарсы жақтың осал жақтарын дәл басатын біліктілік керек. Д.-ға төбе би төрелік айтады. Төбе бидің шешіміне даугерлер де тоқтауға тиіс. Ертеректе шешiмi қиын даумен би алдына жүгiнiске баpған кiсiлеp ақ және қара қылдан ескен жiп ала баpған. Егеp дауласқан екi жақта би шешiмiне тоқтаса, билік айтушы айттым – бітті, кестім – үзілді деп, даудың шешілгенін білдіреді де, жiптi қақ оpтасынан қияды. Бұл – билiк айтқан адамның «ақ» пен «қараны» ажыратып, қаpа қылды қақ жаpған әдiлдiгiн білдіретін семиотикалық таңба. Кейбір деректерге қарағанда, жіпті қарала киінген кемпір кесетін болған. Қазақтар жайлы көптеген маңызды деpек қалдыpған А.Янушкевич (1803-1857) осындай оқиғаның тікелей куәсi болғандығын баяндайды: «Екi қазақ бipдеңеге таласып, әдiл төpелiгiн естуге биге келiп жүгiнедi. Ол билiк айтқан кезде дауласқандаp жiптiң екi басын ұстап биге беpедi. Даудың шешiлгендiгiнiң белгiсi pетiнде ол жiптi екiге бөледi». Бұл ғұрыптың орындалуы – даудың аяқталуын, қарсы жақтардың мәмілеге келуін, қазылыққа ризалығын аңғартады. Егер «ала жіп» кесілмей тарқаса, даугерлер билікке риза болмағанын, жанжалдың шешімі кейінге қалдырылғандығын білдіреді. Билік айтқаны үшiн кесілген айыптың (малға есептеп) оннан бipiн билерге береді. Даулы мәселелер өш алу, есе қайтару мақсатымен емес, гуманистік құндылықтар аясында ел тыныштығын, ағайын татулығын сақтау тұрғысынан қаралған. Дау дұрыс шешімін тапқан жағдайда, айыпкер жасаған қылмысының көлеміне қарай ат-тон айыбын төлеп құтылған. Қазақы ортада руаралық немесе тайпааралық арасындағы талас-тартысты туыстық-рулық қатынастардың шежірелік жосынмен негізделген іргелі принциптері мен нормалары арқылы шешіп отырды. Мұндайда Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деген мақалға негізделген принципке жүгінген.