ДАМБАЛ

lat: DAMBAL

белуардан төмен киетін ішкиім. Дәстүрлі ортада ер адамдар ақ сұрыптан тігілетін тік немесе қисық жағалы көйлектің астыңғы бөлігінен төменге қарай ептеп тарыла бастайтын кең адымды дамбал түрін киген. Дамбалдың ауына жүріп тұруға ыңғайлы болу үшін «үшкіл» деп аталатын қиықша қосып салған, ышқырына ызып бау таққан. Әйел дамбалы жұқа матадан, белі мен адымы кең тігіліп, тізеден төмен жіңішкеріп барып бітеді.                                                                                                                                                                                                  Дәстүрлі ортада кіндіктен төмен киілетін ішкиімдер наным-сенімге байланысты әртүрлі ырым-тыйымдарға негіз болған. Өсіп-өнудің, көбеюдің нышаны ретінде саналатындықтан, кей өңірде егін еккенде еңкейіп, бұтының арасынан дән сепкен. «Ер адамның ырысы ауында болады» деп ұғынғандықтан ескірген, тіпті жарамай қалған дамбалдың ауын жеке кесіп алып сақтайтын болған. Ертеде көп жасаған кемпір бақи болғанда, оның дамбалын көрші-қолаң, туған-туыс сұрап алып, ырымдап, түрлі шараларға пайдаланған. Мәселен, балалардың аузы уылып кеткенде ырым қылып алған кемпір дамбалының ауымен баланың аузын сүрткен. Көз тиіп ауырған адамның басынан әлгі дамбалдың қиындысын түтетіп айналдырған. Сыр өңірінде диқаншылықпен шұғылданған қауым қауын түйнектемей қойғанда «еркектеп кетті» деп көп жасаған кейуананың дамбалымен қауынның пәлегін қағып шыққан. Дамбалды ырым ретінде пайдалану балықшылық кәсібінде де ұшырасады. Ауға балық түспесе, «қырсық шалды» деп, жылым аузына дамбал байлап суға салады. Көп балалы ананың дамбалын бала көтере алмай жүрген әйелдер ырымдап алады.